Қытайда тау үстіндегі ерекше қала бар

Қытайда инфрақұрылымы өзгеше бір қала бар. Мұнда пойыздар әуеде, метро үйдің ішімен жүреді. Жергілікті халық бау-бақшаны үйдің шатырына егеді. Ал жанармай бекеттері биік-биік ғимараттардың үстінде орналасқан. Халқы тығыз орналасуы соншалық кей мемлекеттерден асып кетеді.

Бұл Қытайдағы ең танымал жер. Бірден айта кетейік, мұнда биіктіктен қорқатын адамдар абай болу керек. Бір қарағанда ғимараттар, ғибадатханалар. Адамдар суретке түсіп саяхаттап жүр. Ал қарама-қарсы бетке қарасаңыз, 22 қабаттан бір-ақ шығасыз. Дәл осы көріністі көру үшін жыл сайын Чунцинге миллиондаған турист ағылады.

Сауалнама:

- Мен Юньнань өлкесінен келіп тұрмын. Бұл шаһарды көптен бері көргім келіп жүр еді. Саяхатымды дәл осы жерден бастадым. Арманым орындалды. Расында көруге тұрарлық.

- Чунцинді көру үшін Бразилиядан арнайы келдім. Өте керемет. Алғашында түсінбей қалдым. Қанша елде болсам да, мұндай шаһарды бірінші рет көруім. Урбанизацияның бірегей түрі деп осыны айт.

Чунцин үш мың жылдық тарихы бар көне шаһар. Бұл тек Қытайдың емес, әлемдегі ең алып қалалардың бірі. Мұнда 35 миллионға жуық адам тұрады. Аумағы 82 миллион шаршы шақырымнан асады. Біздің Алматыдан 119 есе үлкен. Шаһардың табиғаты, мәдениеті және тарихи мұрасы ерекше. Ал бірегей сәулеті таңдай қақтырмай қоймайды. Заманауи сәулетшілер бұл қаланы сынақ алаңы деп атайды. Өйткені мұнда кез келген құрылыс түрін жүргізу күрделі. Бар мәселе орналасқан жерінде. Шаһардың 70%таудың үстінде тұр. Оның үстіне жер тапшы. Тіпті көпқабатты тұрғын үйлердің төбесі де игеріледі. Шатырға бау-бақша егіп, жылыжай, спорт алаңдарын салып тастаған.

Бұл Чунциндегі тағы бір танымал орындардың бірі. Қазір қараңыз метро 8 қабатты ғимараттың ішін тесіп өтіп жатыр. О баста қала сәулетшілері жұртты таңғалдыру үшін емес, қалада жердің тапшылығынан осындай қадамға барған. Бертін келе жұрттың қызығушылығын тудырып әлеуметтік желіде танымал болып кеткен.

Қалаға жыл сайын 600 миллионнан астам турист келеді. Саяхатшылар болмаса, жергілікті тұрғындарды әңгімеге тарту қиын. Ал камераны көрсе, жауап беруден бас тартады. Алайда ішінде пысықтары да болады. Мына кісі сұраққа жауап беруге келісті. Бірақ есесіне балмұздақ сатып алуға тура келді.

Чжэн Ли, кәсіпкер:

- Мен бұл үйде тұрмаймын. Бірақ жұмысым осы жерде. Қыста шай, жазда балмұздақ сатамын. Бұл ғимараттың төменгі қабаты сауда үйі. Ал жоғарғы қабаты тұрғын үй.

«Осы жерде кәсіп қыламыз», – дейді. Күнделікті туристер, мыңдаған саяхатшылар келеді. Соларға қызмет қылып, нәпақамызды табамыз. Келетін адам үзілмейді дейді мына жерде.

Ғимараттың төменгі үш қабаты сауда павильоны. Ал одан жоғарғы бөлігі тұрғын үй. Метро ішімен жәй ғана өтіп кетпейді. 7-8-ші қабаттың аралығында қоғамдық көлік тоқтайтын станция бар.

Біз қазір метро өтіп жатқан тұрғын үйдің төбесіне міндік. Ойымыз осындағы жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдап көру.

Чжан И Мей, Чунцин қаласының тұрғыны:

- Біз әбден үйреніп кеткенбіз. Өмір сүруге еш қолайсыздық туғызбайды. Үй ішіне дыбысы естілмейді. Біз үшін қалыпты жағдай. Бірақ түске дейінгі және кешкі уақытта адам саны көбейіп кетеді.

Ян Ву, саяхатшы:

- Достарыммен келдім. Станцияның ішін аралап шықтым. Әлеуметтік желіден көріп арнайы келіп едім. Мен ойлағандай таңғажайып болмай шықты. Дегенмен жүз естігенше бір рет көрген жақсы.

Халқы ағылшын тілінде сирек сөйлейді. Қытайдың оңтүстік-батыс бөлігіне тән Чэн-Юй диалектісі кең тараған. Алайда елдің солтүстігі немесе шығысынан келген қытайлар бірін-бірі түсінбеуі мүмкін. Химия өндірісі, технология, логистикасы бүкіл Қытай бойынша алдыңғы қатарда. Чунцин мен Қазақстан арасында алыс-беріс артып келеді.

Дин Яо, Чунцин қаласының жалпы экономикалық зерттеу институтының директоры:

- Қазақстан мен Чунцин арасындағы экономикалық байланыс «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясында қарқынды дамып келеді. Әсіресе көлік-логистикасын атап өтуге болады. Еуропаға жөнелтілетін жүктің 80%Қазақстан арқылы тасмалданады. Жыл сайын 10 мыңнан астам пойыз қатынайды. Осының арқасында жеткізу уақыты 12-15 күнге дейін қысқарып отыр.

Елімізде жүрген қытайлық жеңіл және жүк көліктері мен мотоциклдердің дені осы қалада шығарылады. Дөңгелек, қосалқы бөлшектер сияқты техникалық тауарлар да импортталады. Ал Қазақстаннан негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып отыр. Елімізден экспортталатын тауар көлемі кейінгі екі жылда 2,4 есеге артқан. 2024 жылғы мәліметке сай Чунцин мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 330 миллион долларға жетті.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын