Парацетамол мен аутизм: Әлемде АҚШ президентінің мәлімдемесі дау тудырды

АҚШ президентінің «жүктілік кезінде парацетамол қабылдау аутизмге әкелуі мүмкін» деген мәлімдемесінен кейін әлемде үлкен пікірталас туды. Әсіресе, болашақ аналардың көңілі алай-түлей.

Бірақ медицина қауымдастықтары мұндай байланыстың ғылыми тұрғыда дәлелденбегенін айтады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілш:

- Америкалықтар әлемде өндірілетін парацетамолдың 40%-тен астамын тұтынады. Олар жыл сайын бұл дәріге 4 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Соңғы уақытта АҚШ-та аутизммен ауыратындардың саны да шамамен бес есе артқан. Кейбір зерттеулер жүкті әйелдердің парацетамол қабылдауы мен аутизм арасында байланыс бар дегенді меңзеген. Алайда 2,5 миллион баланы қамтыған ірі сараптама парацетамолдың аутизмге қатысы жоқ екенін көрсетті.

Моник Бота, Дарем университетінің доценті:

- Жүктілік кезінде дене қызуының кенеттен көтерілуі немесе ауырсыну ана мен құрсақта жетіліп келе жатқан балаға парацетамолдан да қатты зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан дәрігермен ақылдаспай, парацетамол қабылдаудан бас тартпаған дұрыс.

Ғалымдардың пікірінше, аутизмнің көбеюі ең алдымен оны анықтау жолдарының жетілуімен байланысты. Сондай-ақ дертке ата-ананың генетикасы, өмір салты және қоршаған орта әсер етуі ықтимал. Кейде қауіптің көзі парацетамол емес, оны қабылдауға итермелеген, мысалы, вирустық инфекция негіз болуы мүмкін. Соған қарамастан, Трамптың мәлімдемесі болашақ аналарды алаңдатып қойды.

Максин Палмер, Ұлттық аналар қорының өкілі:

- Бүгінде жүкті әйелдердің желіден парацетамолдың қаупі туралы ақпарат іздеуі жиіледі. Сол себепті біз болашақ аналарды ең алдымен өз дәрігерімен кеңесуге шақырамыз.

Кезінде Трамптың «ковидті дезинфекциялық сұйықтықпен емдеуге болады» деп жаңалық ашқаны белгілі. Бірақ кейін ол бұл мәлімдемесін сарказмға балады. Ал, мамандар жүктілік кезінде парацетамол қабылдау аутизмге алып келеді деу ауруға шалдыққан балалардың аналарына орынсыз кінә тағумен бірдей деген пікірде. 

Джастин Робертс, Mumsnet интернет-форумының негізін қалаушысы:

- Форумдағы аналар Трамптың сөзін әйелдерді айыптау деп қабылдады. Сол себепті үкімет пен дәрігерлердің парацетамолдың жүктілік кезінде қауіпсіз екенін анық әрі ашық айтуы өте маңызды.

Ақ үй осындай даулы мәлімдемелер жасау арқылы халықтың назарын өзекті мәселелерден өзге арнаға бұруы мүмкін. «Саясат тұрғысынан бұл пайда әкелгенімен, қоғам денсаулығына қауіп төндіреді», - дейді сарапшылар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы