Қырғызстан парламенті өзін өзі таратты
Қырғызстан Парламенті өзін өзі тарату туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы бүгін Жогорку Кенештің кезекті сессиясында белгілі болды. Депутаттардың өкілеттіктен ерікті түрде бас тартуының негізгі себебі – елдегі саяси тұрақтылықты сақтау.
Конституциялық заңнама комитетіне Жогорку Кенештің өзін өзі таратуы туралы өтінішті 32 депутат жолдады. Апта басында ұсыныс қолдау тауып, бүгін палатаның талқылауына шығарылды. Шешім күшіне енуі үшін 90 депутаттың кемінде 60-ы қолдау білдіруі қажет еді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 84 депутат «қолдаймыз» деп жауап берді.
Нұрланбек Шакиев, Жогорку Кенеш спикері
- Бұл қазіргі парламенттің ішкі шешімі. Қоғам мен барша жұртқа айтарым, біздің бұл қадамымызға президенттің, оның әкімшілігінің, министрлер кабинетінің немесе өзге мемлекеттік органдардың еш ықпалы болған жоқ.
Парламенттің өзін өзі таратуына екі ірі сайлау науқанының бір уақытта тоғысуы себеп болып отыр. 2026 жылдың қарашасында кезекті парламенттік сайлау, ал 2027 жылдың қаңтарында президенттік сайлау өтуі тиіс. Депутаттардың пікірінше, бұл екі маңызды саяси оқиғаның арасы тым қысқа. Бұған дейінгі парламент сайлауларының қорытындылары айлап созылған сот істеріне, кейде жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан. Сол үшін депутаттар өзін өзі тарату арқылы елдегі тұрақтылықты сақтап қалу жағын ойластырған, дейді сарапшылар.
Игорь Шестаков, "Ой ордо" сараптамалық бастамалар орталығының директоры:
- Негізінен екі сайлаудың уақыттары сәйкес келген еді. Депутаттар науқанды уақыт жағынан екіге бөлуді жөн көрді. Бұл сайлаушылар үшін ыңғайлы, бюждет үшін де тиімді. Өйткені сайлау арзан шара емес, қымбатқа түседі.
Заңға сәйкес, президент парламентті тарату туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін екі айдың ішінде Жогорку Кенештің жаңа сайлауы өтуі тиіс. Осылайша қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында қырғызстандықтар сегізінші шақырылымдағы Жогорку Кенешті сайлайтын болады. Жаңа парламент сайлауы мажоритарлық жүйемен өтпек. Яғни көп дауыс жинаған үміткер жеңімпаз атанады. Бұл үшін елде 30 бірмандатты округ құрылады, олардың әрқайсысынан үш депутат сайланады. Үш депутаттың бірі міндетті түрде әйел болуы шарт. Демек, болашақ Жогорку Кенештің үштен бірі әйелдерден құралмақ.
Әйгерім Ардаққызы, Бакыт Чермашев