Трамп Газаға қатысты жаңа жоспарын ұсынды

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы қақтығысты реттеуге арналған жаңа жоспарын ұсынды.

Ақ үй басшысы 21 тармақтан тұратын жоспардың жай-жапсарын Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында араб және мұсылман елдерінің көшбасшыларымен кездесуде жария етті. Осыған дейінгі бейбіт келісім шарттарынан бір өзгешілігі – Газада араб және мұсылман елдерінің сарбаздарынан құралған әскери құрамды орналастыру идеясы. Егер бұл жүзеге асса, Израиль әскері Газадан толық шығады. Сондай-ақ халықаралық бақылау органы құрылады. Оның құрамында Палестина өкілдері болады. Сөйтіп Газа секторын қақтығыстан кейін уақытша басқарады. Трамптың бұл жоспарына Сауд Арабиясы, Біріккен арабы Әмірліктері, Мысыр, Иордания, Қатар, Түркия және Индонезия өкілдері оң көзқарасын білдірді. Басты шарт Газа секторын қақтығыстан кейін басқару ісінде Палестина билігінің үлесі басым болуға тиіс. Ал жоспарға қатысты Израильдің ұстанымы әзірге белгісіз. Палестина Президенті өз кезегінде ХАМАС-тың Газа секторы үшін ешбір рөлі жоқ екенін атап, ұйымдасқан топты қару-жарағын тастап, берілуге шақырды. Сондай-ақ АҚШ президенті Трамп және Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе отырып, бейбіт жоспарды жүзеге асыруға уәде етті.

Махмұд Аббас, Палестина президенті: 

- Газа – Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі. Палестина әкімшілігі басқару мен қауіпсіздік үшін толық жауапкершілік алуға дайын екенін айтудан жалықпаймыз. Біз өз жерімізден кетпейміз. ХАМАС елді басқаруға қатыспайды. Біз президент Дональд Трамппен, Сауд Арабиясы, Франция, Біріккен Ұлттар Ұйымымен және барлық серіктестермен бейбіт жоспарды жүзеге асыру үшін жұмыс істеуге дайынбыз.  

Ердоған мен Трамп Ақ үйде кездесті

Махмұд Аббас Нью-Йоркке бару үшін АҚШ виза бермеген соң, өз үндеуін бейнебайланыс арқылы мәлімдеді. Ал бұл мәселені ашық талқылау үшін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ақ үйге арнайы барды. Алайда бұл шиеленіске қатысты тараптардың пікірі бір-бірімен қиыспайды. АҚШ Израильдің басты одақтасы болса, ресми Анкара Израильдің әрекетін қатаң сынап, Газа секторындағы жағдайды геноцид деп таныған. Бұл кездесуде Таяу Шығыстағы қақтығыстан бөлек, АҚШ пен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас, Ресей мен Украина арасындағы соғыс жайы талқыланды.