Ұлыбританияда жылына 500-ге жуық адам құмар ойынға байланысты суицидке барады
Ұлыбританияда жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес өнер және спорт жұлдыздары құмар ойындарын жарнамалап, жас жеткіншектерді кері әсер етіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Оған қатысқан 11 жастан жоғары балалар танымал адамдарға еліктеп, бәс тігіп көргісі келетіндерін айтқан. Ал 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 90%-і құмар ойындар туралы ақапаратты ғаламтордан жиі көретіндерін жасырмайды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Реттеуші органдар мен саясаткерлер блогерлерді жүгендемесе болмайды. Өйткені әлеуметтік желілерде құмар ойындарын жарнамалағандар өріп жүр. Олар, әсіресе, YouTube, Instagram, TikTok және Twitch платформаларында белсенді. Қоғамдық ұйымдар осылай деп дабыл қағып отыр.
Сауалнама 11 мен 17 жас аралығындағы балалар арасында жүргізілді. Жасөспірмдердің әрбір төртіншісі танымал адамдардың құмар ойынын жарнамалағанын көріп, еліктегісі келгенін айтқан. Ұлыбританияда бәс тігуге ересектерге ғана рұқсат етіледі. Бірақ мектеп жасынан лудоманияға ұшырағандар көп.
Луис, құмар ойынның құрбаны:
- Бастапқыда футбол матчтарына ақша тігіп жүрдім. 5 жылдан кейін ес жиып, букмекерлік кеңселерден жеке аккаунтымды бұғаттап тастауды өтіндім. Бірақ кейін қайта аштырып алдым.
Лейбористік партияның депутаттары 20 жыл бұрын қабылданған Құмар ойындары туралы заңның ескіргенін айтады. «Ол балаларды блогерлердің жарнамасынан қорғамайды», - дейді. Алдыңғы Үкімет пен қазіргі билік жақында заңға өзгерістер енгізгені рас. Мәселен, онлайн 5 фунттан артық бәс тігуге тыйым салынады, бірақ жарнама жағы қатаң шектелмеген.
Оунли Фил, құмар ойынның құрбаны:
- Құмар ойындарының үгіт-насихатына толығымен тосқауыл қою керек. Бірақ үкімет тек футбол ойыншыларының жейдесіндегі жарнамаға тыйым салды. Қазір букмекерлік кеңселер көшедегі тақтайшаларда, кешкі 9-дан кейін телеарна арқылы бәс тігуге халықты шақыра алады.
Көшедегі ойын автоматтарының санынан да көз сүрінеді. Өткен жылдың наурызына дейін құмар ойындарынан түскен табыс, ұлттық лотереяны есептемегенде, 11,5 млрд фунтқа жетті. Мэриялар өз аумақтарында, әсіресе кедей аудандарда, ойын автоматтарын орнатуды шектей алу үшін өкілеттіктерін кеңейтуді сұрап отыр.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Парламенттегілердің есебінше, Англияда 246 000 адам құмар ойынның шырмауына түскен ойыншы деп танылған, ал тағы 2,2 миллионына сондай қауіп төніп тұр. Ғалымдар, ең ауыры, құмар ойынға салынғандар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар көп екенін айтады. Англияда жылына тәуелділікке түскен 500-ге жуық адам суицидке баруы мүмкін дейді олар.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы