Орталық Азияда су үнемдеудің маңызы артты
Өзбекстанның 6 ірі су қоймасы мен 80-ге жуық гидроэлектрстанциясына құрылғылар орнатылып, онлайн бақылау жүйесі енгізілді.
Жаңа технология судың деңгейі мен қысымын, сапасы мен салмағын датчиктердің көмегімен біле алады. Мәліметтер басқару орталығына түседі. Жалпы Өзбекстанда 50-ден астам ірілі ұсақты су қоймасы бар. Алдағы уақытта олардың барлығына осындай жүйе енгізу көзделіп отыр.
Биыл Өзбекстан шаруалары 2 млрд кубаметрден астам су үнемдеген. Ал тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы бойынша 849 мың гектар алқаптан өнім жиналды. Сондай-ақ арықтардың астын бетондау жұмыстары да жүріп жатыр. Оған бюджеттен 1 трлн 300 млрд сум, ал инвестициялық компаниялардан 300 млн доллар қаржы тартылған.
Аброр Жумаев, Өзбекстан Су шаруашылығы министрлігінің бөлім басшысы:
- Соңғы 5 жылда тоғандармен каналдарға 12 мыңнан астам су құрылғылары орнатылды. Жоба тіршілік нәрін үнемдеу үшін жасалды. Сонымен бірге -90 нан астам су қоймасы толық автоматтандырылды. Бұрынғы әдіспен салыстырғанда тиімділік деңгейі артқанын көріп отырмыз.
Гидроэлектрстанциялар судан қуат алады. Ташкент облысындағы тұябұғыз каналы өңірді жарықпен ғана емес, балықпен де қамтамасыз етеді. Шаруалардың 122 мың гектар алқабын суруға жететін қоры бар. Қойма 1963 жылы салынған. Жуырда модернизациядан өтіп, қытай технологиясы енгізілген.
Аваз Абдуллажонов, "Тұябұғыз" ГЭС бөлім басшысы:
- Қытай азаматтары нысанды салып, ішіндегі құрылғыларды толықтай орнатып берді. Біз басқару технологиясын олардың жанында жүріп меңгердік. Қазір өзіміз жасаймыз. Бағасы да қымбат емес. Істен шықса, қиналмай жөндей береміз. Себебі технологиясы өте қарапайым.
Дулат Нуркин, тілші:
- Суды үнемдеу, салаға жаңа технология енгізу, Орталық Азия елдері үшін өзекті болып отыр. Себебі 2050 жылға қарай аймақта тіршілік нәріне -деген сұраныс артып ал негізгі екі өзеннен келетін су көлемі 20-25 пайызға кемиді, деген болжам бар. Демек, саланы цифрландыру өзекті болып отыр. Жаңа технология суды 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.