Қытайда әлемдегі ең биік көпір пайдалануға берілді

Аспалы өткел Гуйчжоу провинциясындағы тау жолдарын байланыстырады, деп хабарлайды 24kz.

Ұзындығы 3 шақырымға жуық. Ал биіктігі – 625 метр. Бұл шамамен 230 қабатты ғимаратпен тең. Бұл тек көлік дәлізі ғана емес кешенді демалыс орны ретінде салынған. Мұнда бақылау мұнарасы, мейрамхана, биіктен парашютпен секіру сияқты алаңдар қарастырылған.

Айта кету керек, Гуйчжоу – Қытайдағы көпірі ең көп провинция. Мұнда 30 мыңнан астам өткел болса, соның 100-ге жуығы әлемдегі ең биік көпірлер тізімінде. Қытайлар мұны туризм бағытында және қаладағы кептелісін азайту мақсатында пайдаланып отыр.

Ли Цзин, инженер:

- Инновациялық жоба құрылысы кезінде бірде-бір тіреуіш қолданылған жоқ. Болат арқанмен керу тәсілімен салынды. Темір арқан 217 дана сыммен өрілген, ал оның ішімен ақылды кабель жүргізілді. Ол арқанға түскен қысымды, температураны, ылғалдылықты онлайн режимде бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.