Қазақ-қытай мәдени байланысы кеңейе түсті
Мәдениет саласының аясында Қазақстан мен Қытай арасында берік ынтымақтастық орнаған. Білім мен ғылым, туризм салаларындағы қарым-қатынас та жаңа кезеңге қадам басты. Өзара бірлескен жобалар саны артып, ынтымақтастық жөніндегі келісімдер нақты нәтиже бере бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара мәдениет алмасу қарапайым халықты жақындастыра түсті. Оған бағытталған іс-шаралар тұрақты нәтиже беріп тұр. Бұған бірден-бір әсер еткен шешім – бұл виза талаптарының жеңілдеуі. Осының арқасында барыс-келіс артып, екі елдің халқы бір-бірін жақын тани бастады.
2026 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстанға 560 мыңға жуық Қытай азаматы барған. Ал Қытайға келген қазақстандықтар саны 410 мыңнан асты. Мемлекетаралық мәдени іс-шаралар да ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне ықпал етті. Биыл Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы өтіп жатыр. Жыл басынан бері бір ғана Бейжіңде жүздеген іс-шара ұйымдастырылды. Екі елдің ақын-жазушылары арасындағы шығармашылық кездесулер, кино саласы, тарихшылар мен ғалымдардың басқосуы, көрме, байқау, ұлттық мерекелер өткізілді. Мәселен, биылғы Бейжіңде болған бір ғана Наурыз мерекесі қазақтың дархан болмысын көрсетіп берді. Алғаш рет 7 мыңнан астам қытайлық жиылып, қазақ елінің әдет-ғұрпымен, тағамы, мен өнерін ұлттық құндылықтарымен танысты. Өзара мәдени байланыстың артуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің екі елге теңдей мәдени орталықтарын құру туралы келісімі тың серпін берді. Бұл көршілес елдер арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы ортақ мүдде мен бағытты айқындады. Бүгінде Қазақстанның мәдениет орталығы қазақ халқының «визиттік картасына» айналды. Қазір қазақ тілі, домбыра үйірмелері ұйымдастырылып, еліміздің тарихы, әдебиеті мен дәстүрі тұрақты түрде насихатталатын орын болып отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
Қос мемлекет те мәдени-гуманитарлық байланысқа ерекше мән беріп отыр. Білім мен ғылым саласындағы қарым-қатынас тереңдеді. Бүгінде Қытайда білім алып жүрген қазақстандық студенттердің саны 6300-ден асты. Енді ғалымдардың тәжірибе алмасуы бағытындағы жұмыстарға күш салынып жатыр. Жуырда ғана ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың 4 басым бағыты айқындалып, жаңа келісімдер жасалды.
Автор: Руслан Бақытбекұлы