Корея төртінші технология алқабын салады

Оңтүстік Корея төртінші технологиялық алқап салу жоспарын жариялады.

Жоба Соннам қаласында жүзеге асады. Мұнда озық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні дамыту жұмыстары атқарылады. Мұны әспеттеп отырған себебіміз, бұл біздегі жаңашылдық - Алатау қаласына пара-пар жоба. 

Оңтүстік Кореяда Қазақстандағы Алатау қаласына ұқсайтын жоба 2007 жылы басталды. Бұл Соннам қаласындағы Пангё технологиялық алқабы. 18 жылдың ішінде мұнда ауылшаруашылық жерлерінің орнында 3 алқап салынып, айти кластер қалыптасты. Бүгінде ол Оңтүстік Кореядағы ең сәтті жобалардың бірі саналады.

Пангёны корейлік Кремний алқабы деп атайды. Мұнда ірі жоғары технологиялық компаниялардың және зерттеу орталықтарының кеңселері орналасқан. Сондай-ақ ең танымал бейнеойындар мен қосымшалар осында жасалады. Алқапта ақылды жол қозғалысын реттеу жүйесі енгізілген және жүргізушісіз автобус қатынайды. Мұның бәрі бұл ауданды Оңтүстік Кореядағы ең беделді орындардың біріне айналдырды. Ал жылжымайтын мүлік бағасы Сеулмен бірдей.

Ким Вон Тэ, Пангё ауданы жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры:

- Пангё техноалқабының құрылуының арқасында тұрғындар бір ауданда өмір сүріп, жұмыс істей алады. Пангё халқы шамамен 100 мың адам. Көбіне миллиондаған жалақы алатын топ-менеджерлер мен кәсіпкерлер тұрады. Сондықтан тұрғын үй қымбат. Шамамен 150 шаршы метрлік пәтердің бағасы 3 миллион доллар шамасында.

Пангёны жұмыс орындары мен тұрғын үйлерді үйлестірген қала үлгісі деп санайды. Қазір мұнда 1800-ден астам жоғары технологиялық компанияның кеңсесі орналасқан. Сол себепті елдің ең үздік айти мамандары осында жұмыс істеуге талпынады.

Сон Сын Хван, Кёнги провинциясының бизнес және ғылым жобаларын қолдау орталығының менеджері:

- Дарынды кадрлар, Сеулдің үздік университеттерін тәмамдаған түлектер елдің оңтүстігіне ұзаққа кеткісі келмейді. Өйткені аймақтардағы инфрақұрылым мен тұрмыс жағдайы төмендеу, сондықтан жас мамандар ол жақта жұмыс істеуге келіспейді. Олар Сеулге жақын болғанды қалайды. Сол себепті Соннам осындай мамандарды тартуға ең қолайлы орынға айналды. 

Осы айда Соннам билігі аумағы 570 мың шаршы метр болатын төртінші техноалқаптың құрылысын бастайтынын мәлімдеді. Жаңа ауданда 100 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Ол озық өндірістік жобалардың және инновациялық экожүйенің орталығына айналуы тиіс. Техноалқапта жасанды интеллектіні енгізуге айрықша көңіл бөлінбек.

Владислав Цой, Ольга Лян