Елордалық «Жастар театры» Ташкент төрінде өнер көрсетті

Астананың «Жастар театры» Ташкент төрінде. Ғабит Мүсіреповтің «Қыз-Жібек пен Төлеген», Шекспирдің «Асауға тұсау» сияқты классикалық шығармалары Өзбекстандағы қазақ көрермендерінің назарына ұсынылды.

Рухани азыққа шөлдеген қандастар үшін театрдың келуі үлкен жаңалық болды. Өзбекстандағы премьера махабаттың символына айналған Қыз-Жібек пен Төлеген мюзклынан басталды. 

Астананың Жастар театрына биыл 18 жыл толды.  Шығармашылық ұжым аз уақыттың ішінде елге ғана емес, шет елдерге де танылып үлгерді. Қоржынында классикалық шығармалармен қатар, заманауй жанрдағы қойылымдар да баршылық.

Ақберген Жұмабаев, «Жастар театры» директорының Шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары:

- 18 гран-приге спектакльдер ұсындық. Соның ішінде «Қыз Жібек» қойылымы біздің паспортымызға айналды. Ең көп гран-при алған да дәл осы спектакль. Сондықтан осы қойылымды алып келдік.

Театр келеді-дегенді естіген қандастардың қуанышында шек жоқ. Ташкент маңайындағы аудан, ауылдардан жиылған жұрт, үш күн бойы үш спектакльді де көруге ынтық.

Махабат пен адалдықтың мәңгі жырына айналған Қыз-Жібек пен Төлеген мюзиклы көрерменді бір жарым сағат бойы тырп еткізбей ұстап отырды. Әртістердің шеберлігімен режиссердің тапқырлығы, қандастардың өң бойына ұлы даланың лебін әкелгендей әсер қалдырды.