Ауғанстан интернеттен бас тартты
Тәліптер енді интернетпен күреске көшті. Ауғанстан халқы түгелдей ғаламтордан ажыратылып, өркениеттен ада қалудың алдында тұр, деп хабарлайды 24kz.
Билік өкілдері бұл әрекетін азғындықтың алдын алу шаралары деп түсіндірді. Мұндай шектеумен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жергілікті тұрғындар не істерін білмей дал.
Алайда Ауғанстан интернеттен бас тартқан жалғыз мемлекет емес. Әлемде цифрлық технологияларға қол жеткізе алмай отырған мемлекеттер көп.
Күнделікті тіршілігімізге дендеп енген ғаламторсыз өмірді елестетудің өзі қиын. Телефонмен таңды аттырып, кеш батыру – үйреншікті жағдай. Гаджеттер жұмыста, оқуда маңызды құралға айналды.
Дегенмен, осыдан 4 жыл бұрын Ауғанстан билігіне келген тәліптер бұлай ойламайтын тәрізді. Кейінгі аптада олар жұртты азғындайтын материалдар кең тарады деген желеумен елді ғаламтордан ажыратты. Әуелі тыйымды мемлекеттің солтүстігіндегі Құндұз, Бадахшан, Баглан, Тахар және Балх провинцияларына енгізу жоспарда болған. Алайда Интернетке қолжетімділікті бақылау жөніндегі NetBlocks халықаралық ұйымы осы аптада Ауғанстан толығымен ғаламторсыз қалғанын жеткізді.
Сайед Мохаммад, Балх тұрғыны:
- Интернеттің өшірілуі барлық салаға кері әсерін тигізіп отыр. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі Интернет арқылы жүзеге асады. Ғаламторсыз білім алып, бизнес жүргізуіміз де қиын. Онлайн-кітапхана, онлайн-медициналық қызметтер – бәрі-бәрі интернетке тәуелді.
Қазір елдегі күллі тұрғын үй, жеке кәсіпорын мен мемлекеттік мекемелерде Wi-Fi істен шыққан. Тек ұялы байланыс жұмыс істеп тұр.
Абдулхай Хамиди, интернет-кафе иесі:
- Интернетсіз күніміз қараң. Жастарға, әсіресе, қиын. Бұлай жалғаса берсе, іс насырға шабуы мүмкін. Билік өкілдерінен интернетті қайтарсын деп сұраймыз.
Datareportal ұсынған статистикаға сүйенсек, әлем бойынша былтыр Интернетке қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың үлесі 2,7 млрд адамға жетті. Солтүстік Корея азаматтарының 91%-і ғаламторды пайдаланбайды. Өйткені рұқсат жоқ. Оның орнына «Кванмен» деп аталатын ұлттық желі бар. Ғаламтор қолданбайтын елдер тізімінде сондай-ақ Бурунди, Чад, ОАР, Оңтүстік Судан, Нигер, Йемен, Малави, Мадагаскар, Эфиопия тұр.
Дегенмен, дамыған елдердің өзінде Интернетке қатысты мәселе туындап тұрады. Мәселен, шамамен 40 миллион америкалық кеңжолақты жылдам Интернетке қол жеткізе алмай отыр.
Кристофер Али, Пенсильвания университеті телебайланыс кафедрасының проффесоры:
- Кеңжолақты интернет Америка Құрама Штаттарында әлі де өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу қымбатқа түседі. Бір миль үшін 27 000 доллардан асады. Ірі қалаларда бұл проблема емес. Өйткені инвестицияны қайтарып алуға болады. Ал ауылда жағдай әлдеқайда қиын. Сондықтан ауылдық жерлер цифрлық дәуірден тыс қалмауы үшін ең жақсы шешім табу қажет.
Интернетсіз әлемдік экономика дағдарысқа ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Бір сәтте қаржылық операциялар, банк секторы, маңызды инфрақұрылымдар тоқтап қалады. Мұның бәрі жаппай жұмыссыздық, тауар тапшылығы, инфляция, сондай-ақ жалпы өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне де алып келуі ықтимал. Бірақ өркениеттің игілігінен бас тартқан елдер әзірге бұған бас ауыртып жатқан жоқ.