Әлемде 272 млн бала мектепке бара алмай жүр
Кітап-дәптерге толы сөмкені асынып, мектепке бару кей балаларға арман. Әлемде 272 млн жасөспірім білім алу мүмкіндігінен айырылған, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, қақтығыстан көз ашпай отырған аймақтарда жағдай тым қиын. Бір ғана Газа қаласында 660 мың жеткіншек 3 жылдан бері оқи алмай, жоғалған ұрпаққа айналып барады.
Білім саласын дамытуға бөлінетін жаһандық қаржы көлемінің қысқартылуы да жығылғанға жұдырық болғалы тұр. ЮНИСЕФ осылай деп дабыл қағып жатыр. Бұдан қандай қауіп бар?
Мөлдір Жақан, тілші:
- Осыдан 80 жылдай уақыт бұрын білім алу әр адамның негізгі құқығы деп жарияланды. Жылдар өтіп, білім беру саласы алға ілгерілегеніне қарамастан, мектеп жасындағы миллиондаған бала білім ұясының табалдырығын аттап баспаған. Ал Африка елдеріндегі жас буынның 70%-і қарапайым мәтінді оқи алмайды.
12 жасар Мәриям қарулы қақтығыстар жайлаған Газа секторында тұрады. Мектепке бару былай тұрсын, жеткіншек ұйқыдан аман-есен оянғанына қуанады.
Мәриям, Газа тұрғыны:
- Бізде мектеп түгілі үй, су, тамақ не дені дұрыс киім жоқ. Соғыс басталмай тұрып, өміріміз мүлдем басқа еді. Мен таңертең тұрып, ел қатарлы киініп, мектепке баратын едім. Ал қазір тіпті тыныш ұйықтаудың не екенін ұмыттым. Бір күні оянбай қаламын ба немесе туғандарымнан айырылып қаламын ба деп қорқамын. Бәріміз соғыс аяқталса екен деп тілейміз.
Газа секторындағы білім беру ғимараттарының 91%-і қираған. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Десе де, жергілікті ұстаздар қауымы амалын тауып, мүмкіндігінше оқушылардың сауатын ашып жүр. Осылайша, биылғы жаңа оқу жылы шатырларда басталды.
Ибтисам Хассан, Ислам университетінің профессоры:
- Жаңа оқу жылында оқушыларымыз мектепке бару мүмкіндігіне ие болады деп үміттеніп едік. Бірақ болмады. Соған қарамастан, мұғалімдер қолдан шатыр тігіп, балаларға білім береміз деп шештік. Күннің ыстығына қарамастан, соғысқа қарамастан, бүлдіршіндер шатыр ішінде сабақ оқып отыр. Олардың білімге деген құштарлығы саябырсыған емес. Бұл қуантарлық жағдай. Білімді адамның қолынан бәрі келеді.
Ал бұл – Ауғанстан астанасы Кабул. Мұнда мектеп бар. Бірақ су жоқ. Жеткіншектердің қолында қалам емес, бөтелке. Тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған тұрғындардың күні су мұнарасын торуылдаумен өтеді. Осы себепті оқушылар мектепке баруды қойған. Әбден кеуіп қалған мұнараның аузынан бір тамшы су шықса, жерден жеті қоян тапқандай қуанады.
Мөлдір Жақан, тілші:
- Қазір Ауғанстан халқының 60%-тен астамы қақтығыстар, экономикалық дағдарыс пен құрғақшылыққа байланысты гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Санаулла, Кабул тұрғыны:
- Мектепке барғымыз келеді, бірақ су тапшылығының кесірінен бара алмай отырмыз. Шалғайдағы мұнараларға барып, үйге су тасимыз.
Күрделі жағдайға қарамастан білім беру саласын дамытуға жұмсалатын қаржы әлем бойынша 3,2 млрд долларға азаяды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 24%-ке аз. Осының салдарынан 2026 жылы мектепке бармайтын бала саны 6 миллионға өседі. Батыс және Орталық Африка айтарлықтай зардап шегеді. Мұнда қаріп танымайтын бала саны 1млн 900 мыңға жетуі мүмкін. Ал Солтүстік Африкадағы көрсеткіш - 1,4 млн адам.
Цитата: Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ атқарушы директоры:
- Білім беру саласынан кесілген әр доллар – жай ғана бюджеттік шешім емес. Бұл қыл үстінде тұрған бала тағдыры. Әсіресе, қазіргідей төтенше жағдайда білім халықты құтқарып қала алады. Кедейліктің қамытын шешіп, балаларға жарқын болашаққа мүмкіндік сыйлайды.
Мөлдір Жақан, тілші:
- ЮНЕСКО-ның бағалауынша, жас буынды білім алу мүмкіндігінен айыру әлемдік экономикаға жылына 10 триллион доллар көлемінде шығын әкеледі. Бұл, мәселен, Франция мен Жапонияның жылдық ЖІӨ-ден асып түседі. Алайда, халықаралық сарапшыларды экономикалық көрсеткіштерден бөлек әлеуметтік салдар қатты алаңдатып отыр. Өйткені білім алмаған балалар еңбекті қанау, адам саудасы, ерте жүктілік сынды қауіп-қатерге ұшырауы бек мүмкін.
Авторлары: Мөлдір Жақан