Әлем мектептерінде жасанды интеллект пәні енгізілуде

Әлем мектептерінде жаңа дәуір басталды. Жасанды интеллектіні қолдануды үйрететін арнайы сабақтар енгізілуде, деп хабарлайды 24kz.

Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытайдан бастап Эстония мен Тәжікстанға дейінгі елдерде оқушылар болашақтың тілі саналатын технологияларды меңгеріп жатыр. Әр мемлекет оқытуды өз әдісі бойынша жүргізуде.

Әйгерім Ардаққызы, тілші:

- Біріккен Араб Әмірліктерінде жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жасанды интеллект оқытыла бастады. Пән міндетті болып бекітілді. Оқушылар бастауыштан бастап жоғары сыныптарға дейін арнайы бағдарламадан өтуі тиіс. Khaleej Times басылымының хабарлауынша, сабақ барысында деректер мен алгоритмдер, этикалық нормалар, ЖИ-дің тәжірибедегі қолданылуы және жоба әзірлеу қамтылады. Мұғалімдерге арнайы әдістемелер мен жас ерекшелігіне бейімделген жоспарлар дайындалды. Бұл бастама балаларды болашаққа дайындаудағы ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болмақ.

Цитата: Мохаммед ибн Рашид әл-Мактум, БАӘ аремьер-министрі:

- Біздің міндетіміз – балаларды өзіміздікінен мүлде өзгеше дәуірге даярлау. Олар жаңа мүмкіндіктер мен дағдыларға ие болып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді.

Бастамадан Қытай да қалыс қалмады. 1 қыркүйектен бастап мектептерде жасанды интеллект міндетті пәндер қатарына қосылды. Мәселен, Бейжің мектептерінде жасанды зерде негіздері информатика пәніне кірістіріліп, жылына кем дегенде сегіз академиялық сағат бөлінді. Бастауышта ойындар мен қарапайым жобалар, орта буында тәжірибелік қолдану, ал жоғары сыныпта бағдарламалау және нейрожелілермен жұмыс. Бұл қадам келешек ұрпақтың жоғары технологияларды игеріп қана қоймай, еңбек нарығына да дайын болуына жол ашады.

Эстонияда да жасанды интеллектіні мектепке енгізу ұлттық деңгейде жүріп жатыр. Елде «TI-Hüpe 2025» бағдарламасы іске қосылды. Жоба аясында оқушылар мен мұғалімдер үздік ЖИ құралдарын тәжірибеде қолданады. Ол үшін OpenAI компаниясымен әріптестік орнату көзделген. Алдымен 20 мың оқушы мен 3 мың мұғалім ChatGPT Edu сияқты оқу сервистерін пайдаланады. 2026 жылдан бастап бағдарлама кәсіптік-техникалық колледждерге де таралып, 38 мың оқушы мен 2 мың ұстазды қамтымақ.

Цитата: Алар Карис, Эстония президенті:

- Жасанды интеллект әлемді түбегейлі өзгертті. Білім беру жүйесі де осы өзгерістерге бейімделуі керек. Егер біз білім саласына үздік технологияларды енгізсек, әлемдегі ең зияткер елдердің біріне айналамыз.

Ал Тәжікстанда биыл жүзден астам мектепте 10-11-сыныптарға арналған жасанды интеллект бойынша тегін факультативтер іске қосылды. Елде пилоттық жоба ретінде аптасына бір рет өтетін сабақ енгізілді. Бірақ жергілікті билік болашақта ЖИ негіздерін жеке пәнге айналдыруды жоспарлап отыр. Әзірге жоба негзінен Душанбе мектептерінде іске асырылуда. Аймақ таңдау кезінде интернет жылдамдығы, техникамен жабдықталуы және оқушылардың математикаға дайындық деңгейі ескерілген. Жоспар бойынша үш жылда ЖИ пәні елдің барлық мектептерінде оқытылады.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы