Тони Блэр Газада құрылатын кеңесті басқаруы мүмкін

ХАМАС Президент Дональд Трамптың Газа секторы бойынша бейбіт жоспарына өзгертулер енгізеді.

Бұл туралы қозғалыстың мүшесі Мұхаммед Наззаль мәлімдеді. Ақ үй басшысының ұсынған құжаты 20 тармақтан тұрады. Оны Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қолдап отыр. Жоспарға сай, Газа секторын Бейбітшілік кеңесі басқаруға тиіс. Оған танымал британиялық саясаткер Тони Блэр жетекшілік етуі мүмкін деген ақпар тарады.

Сондай-ақ ХАМАС кепілдегі тұтқындарды жіберсе, Израиль түрмеде отырған палестиналықтарды босатпақ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, мәміле жүзеге асуы екіталай. Мұның себебі неде?

Қазір ХАМАС Президент Трамптың ұсынысынан бас тартуы мүмкін деген қауіп күшейіп тұр, дейді сарапшылар. Өйткені осыған дейін қозғалыс өкілдері соңғы демдері қалғанша Израильге берілмейтінін мәлімдеген болатын. Яғни соғыстың әзірге тоқтайтын түрі жоқ. Ал тыныштық кеткен Газа қаласынан палестиналықтар оңтүстікке үдере көшіп жатыр. Көбі жалаңаяқ, қолына іліккенін алып, бас сауғалайтын жер іздеп кетті. Бірақ, аштықтан әлсіреп, құр сүлдері қалғандардың жолға шығуға мұршасы жоқ. Ал Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Газа қаласында қалған палестиналықтарға соңғы ескерту жасады. ХАМАС-қа қарсы операция кезінде қалада қалғандардың бәрін лаңкестер мен террорды қолдаушыларға теңеді. Алайда Қызыл Крест ұйымы Халықаралық гуманитарлық құқыққа сай, бейбіт тұрғындар Газа қаласында қалса да қорғалуға тиіс екенін ескертті. 

БЛИЦ: 

- Сегіз сағаттан аса жүріп келемін. Жанымда әйелім, балаларым бар. Түнде жойқын соққы жасалды. Квадрокоптер ұшырды. Бастысы, аман қалдық. 

- Қашып шықтық. Киім де, жиһаз да алмадық. Жалаңаяқ қаштық. Еврейлер ешкімді аямайды. Тірі қалғанымызға қуандық. 

- Бұның бәрі Израильдің мүддесі үшін. Олар бізді өлтіргісі келеді, жойғысы келеді, тоздырғысы келеді, қуып шығарғысы келеді. Дональд Трамп бұған ешқашан қол жеткізе алмайды. Трамп не істесе де бәрін Израильдің пайдасы үшін жасайды, біздің емес.

Ал Израиль гуманитарлық жүк тиеген флотилияны Газа секторына өткізбей қойды. 

Кемелердің бірінде танымал шведтік экобелсенді Грета Тунберг те бар. Израиль гуманитарлық жүктің ХАМАС қолына түсуінен қауіптеніп, осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Қолға түскен су көліктері Израиль портына жіберілді. “Төзімділік флотилиясы” деп аталатын миссияға 40-тан аса елдің белсенділері атсалысып, желкенді кемемен қыргүйектің басында сапарға шыққан. Жазда Израиль Грета Тунберг бастаған флотилияны тоқтатып, бұл әрекетін ХАМАС-ты қолдау деп бағалап, еріктілерді елден депортациялаған болатын.  

Израильдің флотилияны тоқтатқанына наразалық білдіріп, бір мезетте Грекия, Италия, Германия, Тунис және Түркияда мыңдаған адам көшеге шықты.

Халықаралық қауымдастық та үн қатты. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк гуманитарлық көмектің Газа секторына кіруін шектемеуге шақырды. Колумбия президенті Густаво Петро Израильдің дипломаттарын елден  шығарды. Сондай-ақ Тель-Авивпен еркін сауда келісімін тоқтатты. Флотилия бортындағы Колумбияның екі азаматын дереу босатуды талап етті. Ирландия премьерінің орынбасары Саймон Харрис Израильді халықаралық құқық нормаларын бұзбауға шақырды. Өйткені ұсталғандардың арасында осы елдің жеті бірдей азаматы бар. Ал Түркия мұны “ қарақшылыққа” теңеп, Израильден жауаптыларды жазаға тартуын талап етті.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Израиль Газада адамзатқа қарсы қылмысын жасырғысы келеді. Сондықтан халықаралық суларда белсенділер мінген су көліктерін әрі қарай өткізбей, шабуыл жасады. Нетаньяху бастаған үкімет бейбітшілікті қаламайды. Белсенділер мен азаматтарымызға олардың зияны тимес үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр.

АҚШ ұшақтарын Таяу Шығысқа әкелді  

[4] АҚШ ұшақтарын Таяу Шығысқа әкелді. Мұны Британиялық Daily Mail басылымы жазды. Әскери-стратегиялық картаға қарағанда, аймаққа жанармай құятын 10-нан аса әуе көлігі аттандырылған. Биыл маусымда Америка Таяу Шығыстағы бес қаруын дәл осылай сайлап, кейін Иранның ядролық нысандарын бомбалаған еді. Ұшақтар Президент Трамп пен Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуның кездесуі алдында аттанған. АҚШ Иранда көздеген нысандарын жазда жойған болатын. Ал Газа секторындағы қарулы операцияны Израиль өзі жүргізуге қауқарлы. Қазір Йемендегі хуситтер Құрама Штаттары билігінің қытығына тиіп жүр.

айрат Беков, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, аймақтық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы:    

- Назар аударатын бір жайт. Жанармай құятын әуе танкерлері Таяу Шығысқа келді де, бірақ сол танкерлерді қажет ететін бомбалаушы ұшақтар, жойғыш ұшақтар олармен бірге келген жоқ. Олар қайда екенін ешкім білмейді. Сондықтан бұл Трамп әкімшілігі тарапынан Ресейге, Иранға немесе хуситтерге белгі болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда, біз тез арада осы елдердің маңайына әскери күштерді орната аламыз деген.

Қалай десек те сарапшылар қазір бұл операцияның басты мақсатын нақты болжап айту қиын.