Ұлыбританияда ағза трансплантациясын күтіп жүрген науқастардың саны рекордқа жетті
Ұлыбританияда адам көзі тірісінде қарсылық білдірмесе, қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа бере алады. Бірақ елде ағза трансплантациясын күтіп жүрген науқастардың саны рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды 24kz.
Ғалымжан Қараманұлы зерттеп көрді.
- Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі былтыр трансплантация отасын жасауды алдыңғы жылмен салыстырғанда азайтқан. Оған донорлық ағзалардың жетіспеушілігі себеп. Қазір 8 мыңнан астам адам, шамамен 300 баланы қоса есептегенде ота кезегінде тұр. Тағы 4 мыңға жуық науқас тым ауыр халде немесе трансплантация жасауға уақытша жарамсыз болғандықтан, күту парағынан уақытша шеттетілген. Сөйтіп, шамамен 12 мың науқас өз донорын күтіп жатыр.
Мелинда Фокс, Ұлыбритания трансплантология орталығының әкімшісі:
- Бір донор сегіз адамның өмірін сақтап қала алады. Ал тіндері берілген жағдайда елуге жуық адамға көмек көрсетіледі. Донорлық қоғам үшін өте маңызды. Трансплантацияны сарылып күтіп жүріп, бақилық болып кеткен науқастар қаншама?!
Ұлыбритания заңдары бойынша адам көзі тірісінде бас тартпаса, қайтыс болған жағдайда ағза мүшелері донорлыққа пайдаланылады. Бірақ бәрібір алдымен жақындарының келісімі керек. Тек өткен жылы 173 отбасы туысы тірі кезінде рұқсат еткеніне қарамастан, бауырын донорлыққа қимаған. Бұдан бөлек, 520 адам ресми түрде бас тартпағанына қарамастан, жақындары трансплантацияны қолдамапты. «Туыстарының келісімінсіз ағза мүшесін ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан адамдар өз шешімін алдын ала жақындарына жеткізуі тиіс», - дейді шенеуніктер
Дженни Минто, Шотландия Денсаулық сақтау және әйелдердің денсаулығын қорғау министрі:
- Адам өз туған-туыстарына бақилық болған соң ағза доноры болуға қарсы емес екенін айтып отыруы маңызды. Осы мәселені мүдделі тараптармен бірлесіп, әлеуметтік желілер арқылы көпшілік қауымға жеткізгіміз келеді. Бұл жақындарының шешім қабылдауын жеңілдетеді.
Еуроодаққа мүше әр елде ағза донорлығына қатысты өз заңы бар. Мәселен «автоматты келісім» жүйесі Испанияда да енгізілген және бұл ел көп жылдан бері донорлық бойынша әлемде көшбасшы болып отыр: әрбір миллион тұрғынға 50-ден астам донор келеді. Ал Германияда тек адамның тірі кезінде берген ресми келісімі болса, ғана трансплантацияға ағза мүшесі пайдаланылады. Сондықтан ағза донорлығы бұл елде де тұралап тұр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы