Бразилияда COP30 климат саммиті басталды

Бразилияның Белен қаласында COP30 климат саммиті басталды. Биылғы шараның маңызы ерекше. Себебі Париж келісімінің қабылданғанына тура 10 жыл толды. Дәл осы құжатқа 2015 жылы әлемнің шамамен 200 мемлекеті қол қойып, жаһандық жылынуды 1,5°C асырмай ұстап тұруға уағдаласқан еді.

Мамандар: «Жаһандық температураның бұл межеден асуы табиғи апаттардың жиілеп, халықтың жаппай қоныс аударуына әкелуі мүмкін», – деп ескертеді.

Су тасқыны, дауыл, құрғақшылық, аптап ыстық сияқты табиғи құбылыстар халықтың жаппай көшуіне себеп болып отыр. Кейінгі онжылдықта климаттың өзгеруінен жиілеген апаттардан әлем бойынша 250 миллион адам үйлерін тастап кетті. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының дерегі осындай. Ал шөлейттену, теңіз деңгейінің көтерілуі және экожүйелердің бұзылуы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Жаһандық температураның сәл ғана көтерілуінің өзі экожүйені бұзып, миллиардтаған адамның өміріне кері әсер етеді. Кедейшілік кең етек жайып,  аштық күшейіп, халықтардың жаппай қоныс аударуы артады. Қынжылтатыны, климаттық дағдарыстың зардабын көбіне оның туындауына қатысы жоқ елдер тартып отыр.

Саммитте талқыланатын басты тақырыптың бірі – парниктік газдардың шығарылуын азайтуға бағытталған әрекеттер. Мақсат – Париж келісімінен кейінгі 10 жылда орындалған міндеттемелерді талдап, жаһандық жылынуды тежеу үшін жаңа келісімдерге қол жеткізу. Алайда іс-шараға Қытай, Австралия, Түркия сияқты кей жетекші елдердің басшылары қатыспайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп болса конференцияға бару жоспары жоқ екенін, тіпті өз әкімшілігінен ешбір өкілді жібермейтінін айтты. Бірақ АҚШ Конгресінің мүшелері мен Демократиялық партия өкілдері жиынға келуге бекініп отыр. 

Майна Вакафуа Талия, саясаткер, эко-белсенді:

- Мен БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқан кезде президент Трамптың жаңартылатын энергия көздерін менсінбей, климаттың өзгеруі жөніндегі ғылыми тұжырымдарды жоққа шығарғанын естідім. Мұндай ұстанымды қолдамаймыз. Климаттың өзгеруі алыстағы қауіп емес екенін түсіну үшін Ямайка мен Кубаны ойрандаған «Мелисса» дауылын еске алудың өзі жеткілікті. Бұл құбылыстар – климаттық дағдарыстың басталғанының айқын көрінісі.

Дегенмен кей сарапшылар: «Биылғы СОР30 саммитінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге Трамптың ұстанымы кедергі келтіруі мүмкін», – дейді. АҚШ басшысы климаттың өзгеруі туралы ғылыми тұжырымдарды жоққа шығаруын жалғастырып келеді. Тіпті қыркүйекте БҰҰ мінберінде мұнай мен газ өндіруді арттыру жоспарын жариялап, Париж келісімінен шығатынын мәлімдеді. Алдыңғы әкімшіліктің экологиялық бастамаларын бас тартатынын жеткізді. Бұл климаттық келіссөздерді қиындатып отыр. Бірақ конференцияға қатысушылар: «COP30 жаһандық жылынумен күресуді жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып қала береді», – дейді. 

Авторы: Динара Орынтай