Өзбекстанда қазақ киносының күндері өтіп жатыр
Екі елдің мәдени байланысын нығайтуға бағыталған іс-шара Әлішер Науаи атындағы Ұлттық киноөнер сарайында ұйымдастырылған.
Қазақстанның өнер майталмандары 2 күн ішінде өзбекстандық көрерменнің назарына «Әміре», «Дос-Мұқасан» және «Паралимпиадашы» фильмдерін ұсынады.
Қазақстанмен Өзбекстаннның кино саласындағы байланыстары бұрыннан қалыптасқан. Қазақтың маңдайалды актері Нұрмұхан Жантөрин бір кездері көрші елдің көптеген фильміне түсіп, екі ел арасында алтын көпір болғаны бар. Қазіргі мақсат сол сабақтастықты қайта жалғау.
Бақытжан Әлпейісов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Осы біздің Орта Азия елдері бір-бірімен тығыз байланыста болып, халықты жақындастыратын не нәрсе? Ол әрине мәдениет. Киноның атқарар рөлі зор. Алдағы уақытта небір кинолар дүниеге келеді-деген ойдамыз.
Мәдени іс-шараның шымылдығы қазақтың біртуар тұлғасы, әнші Әміре Қашаубаев туралы «Әміре» фильмімен ашылды. Парижді бағындырған тума талант иесінің образын белгілі актер Санжар Мәдиев сомдаған.
Санжар Мәдиев, актер:
- Латвияда түсіргенбіз. Туындыда көптеген шетелдік білікті мамандар түсірді. Біздің халықтың қазақтың киноларын әлем көру керек. Бұл ең мықты нәрсе.
Жиналған қауым туындыны ерекше ықыласпен тамашалап, жоғары бағасын берді.
Озибек Қасиев, өнертанушы:
- Қазақ халқы өзінің мәдениетін, өнерін көзінің қарашығындай сақтап келген. Тіпті кеңес үкіметі тұсында қаншама қысым болса да, бауырларымыз өнермен біте қайнасты. Бүгінгі фильмде соған көз жетті. Кішкентай ғана ауылдан шығып, күллі әлемді мойындатқан Әміре Қашаубаевтің тұлғасымен таныстық.
Бүгін өзбекстандық көрермен «Дос-Мұқасан» фильмі мен "Параолимпиадашы" киноларын көре алады.