Түркияда демографиялық ахуал күрделенді
Түркияда демографиялық ахуал күрделене түсті.
Елде қарттар саны артып, жастардың үлесі азайып келеді. Сарапшылар мұның себебін туу көрсеткішінің төмендеуі әрі әлеуметтік қолдаудың әлсіздігімен байланыстырады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия кейінгі жылдары демографиялық қартаю кезеңіне өтті. Туу көрсеткіші төмендеп, өмір сүру ұзақтығы артқан. Нәтижесінде 65 жастан асқан адамдардың үлесі артып, жастар саны азаюда. Сарапшылар бұл үрдіс ел экономикасына, еңбек нарығы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне үлкен жүктеме түсіретінін айтады.
Түркия статистика институтының дерегіне сәйкес, 85 млн халықтың 10,6%-ы қарттардың үлесінде. Кейінгі 5 жылда 65 жастан асқан адам саны 20,7%-ға өсіп, көрсеткіш 9,1 миллион адамға жетті. Ал туу деңгейі керісінше тұрақты түрде төмендеп келеді.
Түркиядағы қарттар саны
2019-2024 жж. қарттар үлесі 20,7% ↗
2019 ж. – 7 млн 550 мың 727 қарт
2024 ж. – 9 млн 112 мың 298 қарт
Дереккөз: data.tuik.gov.tr
Түркия статистика институты
Мұстафа Кемал Жошкун, әлеуметтік ғылымдар доценті:
- Халықтың қартаюына аймақтағы туу деңгейінің төмендеуі негізгі себеп болып отыр. Бұл мәселе тек Түркияда ғана емес, әлемнің біраз елінде өзекті. Ал туу көрсеткішінің кемуіне урбанизация, яни ауылдан ірі қалаларға қоныс аудару әсер етуде. Бұған біріншіден, экономикалық жағдай, екіншіден, апатты аймақтарда зілзаланың жиілеуі себеп. Ал қалада өмір сүру материалдық тұрғыдан қиын болғандықтан, жастар бала сүюді кейінге ысырып қояды. Әйелдердің еңбек нарығына белсенді араласуы да осы үрдіске ықпал етіп отыр.
Демографиялық теңгерімнің бұзылуы еңбекке қабілетті халықтың азаюына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өндіріс, ауыл шаруашылығы, технология салаларында кадр тапшылығын күшейтеді.
БЛИЦ
- Жастар бала сүюге асықпайды. Мансап, үй, көлік деп жүргенде орта жасқа келеді. Бұл жаста тек 1 баламен ғана шектелуі мүмкін. Сол себепті жастар ертерек отбасын құрса деймін.
- Қазір өмір сүру қиындап кетті. Экономикалық жағдай мәз емес. Қарттарға да, жастарға да мемлекет тарапынан көбірек қолдау қажет деп ойлаймын.
- Халықтың қартаюы бірқатар салаға әсер ететіні анық. Өйткені технология, жасанды интеллект, өнеркәсіп секторларында жастар шешуші рөл атқарады. Алдымен, экономиканы түзетіп, сонан соң жастардың бала тууға деген ынтасын күшейту керек.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, Түркияда бірінші балаға 5 мың лира, біздіңше шамамен 58 мың теңге бірреттік төлем төленеді. Екінші балаға ай сайын шамамен 17 мың теңге, ал үшінші балаға ай сайын 58 мың теңге жәрдемақы беріледі. 2 және одан кейінгі балаларда бұл төлем 5 жасқа дейін жүргізіледі. Билік демографиялық саясатты күшейтуге қажетті шараларды жүзеге асырғанымен сарапшылар нақты қолдау әлі де жеткіліксіз екенін айтады.
Түркияда балаға төленетін әлеуметтік төлем
1-балаға: 55 мың тг бір реттік төлем
2-балаға: 17 мың тг 5 жасқа дейін ай сайынғы төлем
3 және одан көп балаға: 58 мың тг 5 жасқа дейін ай сайынғы төлем
Мұстафа Кемал Жошкун, әлеуметтік ғылымдар доценті:
- Түркияда декреттік демалыс іс жүзінде өте шектеулі. Төлем көлемі аз, мерзімі қысқа. Бұл жағынан Анадолы Еуропаның көптеген мемлекетінен айтарлықтай төмен деңгейде тұр. Сондықтан жастарға «бала туыңдар» деп үндеу тастаудан бұрын нақты әрі тұрақты әлеуметтік қолдау тетіктерін қалыптастыру қажет.
Мамандардың айтуынша, демографиялық дағдарысты тежеу үшін Түркияға ұзақ мерзімді әлеуметтік саясат керек. Әйтпесе халықтың қартаю үрдісі елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсер етуі ықтимал.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков