Reuters: Иран АҚШ-пен келіссөз бастауға дайын

Иран президенті Масуд Пезешкиан ядролық бағдарламаға қатысты АҚШ-пен келіссөздерді бастауға бұйрық берді. Бұл туралы «Фарс-ньюз» ақпарат агенттігі хабарлады.

Ал «Рейтер» агенттігінің жазуынша, «Иран АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге ниетті». Қазір Тегеран шарттарды қайта қарап жатыр. Бірақ бұл үшін АҚШ та ядролық бағдарламаға қатысты дау-дамайды реттеуге және жаңа аймақтық соғысты болдырмау бойынша мәмілеге дайын болуы керек. Бұл туралы парсы елі Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи арнайы брифингте мәлімдеді. 

Исмаил Бағаи, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Әртүрлі мәселелер бойынша пікір алмастық. Қазіргі кезеңде біз кез келген дипломатиялық процестің егжей-тегжейін қарастырып, шешім қабылдап жатырмыз, ол алдағы күндері аяқталады деген үміттеміз. Сенімді нығайту және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылыққа байланысты түйткілдерді шешу үшін біз кейінгі жылдары Иран халқына салынған әділетсіз санкцияларды алып тастауды талап етеміз.

Ирандағы «Тасним» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран мен АҚШ көп ұзамай келіссөз бастайды. Кездесуге Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен Дональд Трамптың арнаулы өкілі Стивен Уиткофф қатысуы мүмкін.