Оңтүстік Кореяда алопецияны мемлекет есебінен емдеу ұсынылды
Оңтүстік Корея үкіметін шаш түсу ауруы алаңдатып отыр.
Ел президенті Ли Джэ Мён Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне медицина тілінде алопеция, яғни таз ауруына шалдыққандарды қолдау жөнінде тапсырма берді. Атап айтқанда, бұл кеселді мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасына енгізу мүмкіндігін қарастыруды жүктеді. Бастамаға қоғам көзқарасы қандай?
Шаш түсу ауруын мемлекеттік бюджет есебінен емдеуді былтыр ел президенттігіне үміткер болған Ли Джэ Мён ұсынған еді. Билікке келгеннен кейін сайлауалды уәдесін қайта еске салды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяда әрбір бесінші тұрғын осы кеселге душар болуы мүмкін. Сырт келбет маңызды рөл ойнайтын қазіргі қоғамда бұл өзекті мәселе.
Журналист Квон Бён Чан алопеция дертімен жарты ғасырға жуық уақыттан бері күресіп келеді. Оның шашы әскерде болғанда түсе бастаған. Бақытына қарай әскери қызметке дейін үйленіп үлгерген. Қазір екі баласы бар. Жеке өмірінде бәрі жақсы болғанымен, мансап жолында таз болу үлкен кедергі келтіргенін айтады.
Квон Бён Чан, «Дэхан ильбо» басылымның бас редакторы:
- Мен Корея парламентінде аккредитациядан өткен журналистпін. Депутаттармен немесе қарапайым азаматтармен кездескенде, осы кеселден қысылатынмын. Үнемі күйзелісте жүргендіктен, дәрі-дәрмек те қабылдап көрдім. Бірақ олардың кері әсерлері байқалды. Содан кейін жұбайым «шаш ең басты нәрсе емес» деп, емді тоқтаттым.
Квон Бён Чанге дертін емдеуде мемлекет тарапынан жеңілдіктерге ие болуы екіталай. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі президент Лидің бастамасы негізінен жастарды, әсіресе ер адамдарды қолдауға бағытталатынын атап өтті. Алопецияның үш түрі бар. Ең күрделі түрі - ошақты алопеция сақтандыруға енгізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қазір бұл ауру жастар арасында көбейе түскен. Осы мәселемен жүгінген әр он науқастың төртеуі - 30 жасқа дейінгі азаматтар.
Ан Джи Соп, Шаш көшіру клиникасының директоры:
- Қазір бізге жастар көп келеді. Олар жұмысқа орналасу алдындағы сұхбат немесе үйлену тойы сияқты маңызды оқиғалардың алдында жүгінеді. Бұрын адамдар таздығын жасыруға тырысатын, ал қазір оны емдеп, сырт келбетін жақсартуға ұмтылады. Алопецияны емдеу құны әлі де жоғары. Сондықтан, егер мемлекеттік деңгейде қолдау шаралары әзірленсе, бұл көп адамға көп көмек болар еді.
Алайда алопецияға шалдыққан жастарды емдеуге ғана жеңілдік беру үшін бюджеттен шамамен 2,5 млрд АҚШ доллар көлемінде қомақты қаражат бөлу керек. Осы себепті президент Лидің бастамасын қоғамдық ұйымдар қолдап отырған жоқ. Қазір елдің Денсаулық сақтау министрлігі қоғам пікірін ескере отырып, осы дертке шалдыққан жастарға жеңілдік беру мәселесін зерттеп жатыр. 2024 жылдан бастап Оңтүстік Кореяда 20 мен 34 жас аралығындағы азаматтарға арналған медициналық ваучерлерді беру бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Оған сай егер олар дәрігерге жылына төрт реттен аз жүгінсе, есепшоттарына шамамен 83 АҚШ доллары аударылады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян