Германия АҚШ-та сақтаулы тұрған алтыны үшін алаңдаулы
Сыртқы саясатта тізе қосып, еш ажырамайтындай көрінген Вашингтон мен Берлиннің қарым-қатынасы қазір бұрынғыдай емес.
Ал екі ара мүлде суып кетсе, Нью-Йоркте сақтаулы тұрған Германия алтын қорының тағдыры не болмақ? Қазір неміс үкіметін алаңдатқан басты мәселе осы. Өйткені канцлер Фридрих Мерцтің кейінгі мәлімдемесі де АҚШ пен Еуропа арасына жік түскенін анық көрсетті. Ол қарт құрлық елдерін Батыстан тәуелсіз болуға шақырды.
ГЕРМАНИЯ, ЭШБОРН
Фридрих Мерц, Германия канцлері
- Өте өкінішті. Бірақ трансатлантикалық, яғни АҚШ пен Еуропа қарым-қатынасы өзгерді. Десе де, өткенмен өмір сүру бізді алға жетелемейді. Еуропа Құрама Штаттардан дербес болуы керек. Өйткені, қазір әлемде демократияны ту етіп, дами бастаған ел көп. Ал олар Еуропамен әріптестік орнатқысы келеді.
Бұл серіктестік өзара құрмет пен сенімділікке негізделуі керек.
Фридрих Мерцтің айтуынша, АҚШ-тың сауда саясаты мен Гренландияға көз салуына қарсы тұру үшін Еуропа “ күш саясатын” үйренуі керек. Алайда Германияда Құрама Штаттардағы алтын қорын елге қайтаруға қатысты сарапшылардың пікірі екіұдай. Бірі: Америкаға тәуелділікті азайту қажет десе, енді бірі бұл жағдайды одан бетер ушықтыруы мүмкін деп санайды.
ЦИТАТА: Карстен Юниус, J. Safra Sarasin банкінің бас экономисі:
Алтынды іс жүзінде қайтару қиын емес. АҚШ-та сақталған құймаларды бір жерге жинаса, шамамен төртке төрт метр болады. Оған Бундесбанк қоймаларынан орын табуға болатыны анық.
ЦИТАТА: Клеменс Фуэст экономикалық зерттеулер институтының президенті:
Дәл қазір алтынды АҚШ-тан шығару отқа май құйғанмен бірдей. Бұл ойдан әзірге бас тартқан жөн. Германия мен Құрама Штаттар арасы дұрысталған кезде осы мәселені қайта көтеруге болады.
Германия АҚШ-тағы алтын қорына алаңдайды
Германия әлемде алтын қоры бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. "Гардиан" басылымының дерегі бойынша, оның үштен бірі Майндағы Франкфуртта, 37 пайызы - Нью-Йоркте, 10 пайызы - Лондонда, қалғаны - Парижде сақтаулы. Жалпы Америкада Германияның 1200 тонна алтыны бар. Мұның құны - 185 млрд еуро. Бұл елдегі жалпы ішкі өнімнің 3,7 пайызына тең. Әр азаматқа шаққанда 2 мың 200 еуродан келеді. Бағалы металл арнайы түрде шетелге шығарылған жоқ. Қорлар о баста осы елдерде құрылған. Өйткені, бағалы металды әлемнің ең беделді банктерінде сақтау әскери қақтығыстар, табиғи апат, төтенше жағдайлар, ұрлық секілді қауіптен қорғанудың сенімді жолы саналатын. Сондай-ақ, алтынның Нью-Йоркте болуы Германия үшін сауданы жеңілдетіп келді.
Германия АҚШ-тағы алтын қорына алаңдайды
Германияда бұл мәселенің қызу талқылануына әлемдік нарықта алтын бағасының шарықтап кетуі де әсер етті. Өткен жылы бағалы металл 64 пайызға қымбаттаса, биыл бұл өсім 25 пайызға жетті.Осы аптада алтын құны мың құбылды. 5 мың 600 долларға дейін көтеріліп, кейін 10 пайыза бір-ақ құлдырады. Әйтсе де, беделді JPMorgan банкінің болжамы бойынша жыл аяғына дейін оның унциясы 6 мың 300 долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл арада алтынның буы әлемнің бірқатар елінде дүрбелең туғызды. Адамдар жаппай кезекке тұрып, алтын құйма мен зергерлік бұйымдарды таласып сатып алып жатыр. Сарапшылардың айтуына қарағанда, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, АҚШ қарызының өсуі мен ғаламдық сауда жүйесінің өзгеруі, белгісіздіктің етек жаюы инвесторларды алтынға көбірек сенім артуға итермелеп отыр.
Әлемде "алтынның буы" дүрбелең туғызды
ҚХР, Бейжің
CУРНАМЕД БАО, сарапшы
- Қор нарығы, жалпы экономика да құбылмалы. Ертең не болатынын болжау қиын. Ал қолыңызда алтын болса, ол банкке де, валютаға да тәуелді емес, яғни құнын сақтап тұратын актив. Оны тек инвестиция ретінде емес, зергерлік бұйым етіп тағуға болады. Қажет болса, сатып ақшаға да айналдыруға болады.
Германия халқы арасында да "алтын өз жерімізде сақталуы тиіс" деген көзқарас басым. Мұны Civey қоғамдық пікір институты жүргізген сауалнама көрсетті. Зерттеуге қарағанда, немістердің 70 пайызы бағалы металл қорын елге қайтарылғанын қалайды. Германияның алтын-валюта қорына қатысты шешімді Орталық банк, яғни Бундесбанк қабылдайды. Ал елдің бас банкирі ЙО-А-ХИМ НАГЕЛЬ: "алтынды АҚШ-тан шұғыл қайтарудың әзірге қажеттілігі жоқ", - дейді.