Өзбекстандағы қандастар қазақтың өнеріне үлес қосып жүр
Өзбекстанда бір миллионға жуық қандасымыз тұрады.
Олардың арасында ән-жырға құштар, қазақтың өнерін дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар аз емес.
Үрбігүл Сүйербаеваның сахнада жүргеніне жарты ғасырдан асқан. Өзге елде тұрса да қазақтың әнін шырқап келе жатқан ол ұзақ жылдар бауырлас елдің атағы дүркіреген Лазги ансамбілінің белді мүшесі болған. Кеңес Одағы тұсында 20-ға тарта шет мемлекетті аралап, қазақтың әнін әлемге танытуға зор үлес қосқан ол жанына жақын сәттердің Қазақстанда өткенін сағынышпен еске алады.
Үрбігүл Сүйербаева, әнші:
- Облыс облысқа бөліп жіберді, кейін қайта Алматыға жиналдық. Сонда шараның жабылу салтанатында Қараторғай әнін айттық. Қыздар костюмдеріміз біркелкі аппақ, ақ шағаладай киінген, кең сахнада былайша сахнаны толтырып тұрдық.
Бір кездері Өзбекстанның Ташкент облысында «Аққанат» деген атаумен өнерпаздар тобы құрылып, елді қазақша әндерімен сусындатқан. Сол топта өнер көрсеткен азаматтардың кейбірі бүгінде Қазақстанда тұрады. Олар туған жерлеріне келіп, осындғы қимас бауыр, көз көргендермен жүздесіп тұрады.
Қарлыбай Әбуов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Ансамбль Өзбекстандағы қазақ диаспорасы өкілдеріне қызмет жасау мақсатында құрылған. Тамды ауданы, Науайы облысының одан кейін Қарақалпақстан, Кенимех сынды қазақтар көптеп шоғыранған жерлерді түгел аралағанбыз фермалар, құм арасындағы малшыларға үлкен көліктермен аралап жүріп концерт қойғанбыз.
Екі елдің достығына дәнекер болып жүрген өнерпаздар мұнда аз емес. Талай жыл киелі сахнада қатарласа ән салған азаматтар бір үйдің баласындай сыйластықты ту етіп, екі елдің мәдени-рухани ынтымақтастығының дамуына үлес қосып келеді.
Дулат Нуркин