АҚШ-Иран келіссөзі тұйыққа тірелді
Оманда өткен АҚШ-Иран келіссөзіне артылған үміттің салмағы басым еді.
Дипломатиялық диалогтың нәтижесіз аяқталуы жағдайды одан сайын шиеленістіре түсті. Тараптардың бір-біріне деген сенімі азайып, мәселе енді тек әскери қысымның күшімен шешілуі мүмкін. "Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды." Иран кейінгі уақытта бірқатар ауқымды әскери дайындықтар өткізді. Бұл жаттығулар қарсыласының әуе және теңіз нысандарына соққы беру, зымыран күштерінің әзірлігін тексеру бағытында өткенін ресми және жартылай ресми дереккөздер хабарлаған болатын. Иранның сыртқы істер министрі елге төнген қауіп жағдайында АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына жауап соққы беруге дайын екенін ашық мәлімдеді.
Аббас Аракчи, Иран Сыртқы істер министрі:
- Егер АҚШ шабуыл жасайтын болса, біздің ол елге тікелей соққы жасамайтынымыз айдан анық. Сондықтан бізде Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базаларына қарымта жауап беруден басқа амалымыз қалмайды.
АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары
Таяу Шығыстағы бірқатар елде АҚШ-тың әуе базалары мен жаттығу орталықтары бар. Әрқайсысының стратегиялық маңызы зор. Бұл әскери нысандар Америкаға аймақтағы Иран мен ХАМАС, Хезболла сияқты қарулы топтарды қадағалап, олардан төнетін қауіп-қатерден сақтану үшін керек. Қазір Таяу Шығыста АҚШ-тың 40 мыңға жуық жауынгері шоғырланған. Бұл Американың жырақтағы әскери күшінің үштен бірі. Негізгі контингент Кувейт, Катар және Бахрейнде орналасқан.
Кувейт АҚШ-тың маңызды логистикалық және стратегиялық нүктесі. Бұл елде 2 әуе базасы бар. Ең негізгісі Али әл-Сәлем. Сондай-ақ 4 әскери лагерь мен Арифджан жаттығу орталығы. Бұл араб елінде 13 жарым мыңға жуық АҚШ әскериі қызмет етеді.
Ал Қатардағы АҚШ-тың негізгі тірек нүктесін Эль-Удейд әуе базасы саналады. Бұл орталық Ауғанстандағы америкалық операцияларда шешуші рөл атқарды және 2021 жылы сол елден әскерлерді шығаруды үйлестірді. АҚШ пен Қатар арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық 1990 жылдары басталған. 2 жыл бұрын келісім тағы 10 жылға ұзартылды.
Сондай-ақ Американың ең ірі әскери-теңіз базасы да Таяу Шығыста орналасқан. Бұл оның Әскери-теңіз күштерінің бесінші флоты. Ол Бахрейнде. Корольдік аумағында 9 мыңға жуық әскери қызмет етеді.
КУВЕЙТ
13 500 АҚШ ӘСКЕРІ
- АЛИ АЛЬ-САЛЕМ ӘУЕ БАЗАСЫ
- АРИФДЖАН ӘСКЕРИ ОҚУ ЛАГЕРІ
Дереккөз: Council on Foreign Relations
КАТАР
-10 000 ЖУЫҚ АҚШ ӘСКЕРІ
- ЭЛЬ-УДЕЙД ӘУЕ БАЗАСЫ
Дереккөз: Council on Foreign Relations
БАХРЕЙН
-9 000 АҚШ ӘСКЕРІ
- АҚШ ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІНІҢ БЕСІНШІ ФЛОТЫ
Дереккөз: Council on Foreign Relations
Трамп келер апта тағы келіссөздер өтетінін мәлімдеді. Ол Иранмен ымыраға келеріне сенімді. Бұл үшін Иран уран өндірісінен бас тартуы керек. Бірақ Тегеранның ұстанымы қатаң әрі өзгермейді деп Аббас Аракчи де кесіп айтты. Енді 11 ақпанда АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жалғыз одақтасы Израильден, сыртқы істер министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға барады. Мақсаты осы Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде талқылау. Әзірге АҚШ пен Иран арасындағы жағдай бейміәлім әрі қауіпті күйде қалып отыр. Әскери дайындықтардың күшеюі, дипломатияның әлсіреуі және қатқыл мәлімдемелер геосаяси тәуекелдің жоғары екенін көрсетеді. Ал нақты соққы жасала ма, әлде тараптар соңғы сәтте саяси ымыраға келе ме, бұл да алдағы уақыттың еншісінде.
Іс насырға шапса, геосаяси текетірес Ормуз бұғазы мен жаһандық мұнай нарығына қауіпті болмақ.