БҰҰ: Әл-Каида содырларының саны 50 есе артты

Әлемде терроршылар көбейіп барады. 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тағы теракт кезінде Әл-Каида лаңкестік ұйымының қатарында 500 содыр болса, қазір бұл көрсеткіш 25 мыңға жеткен.

Яғни 50 есе артқан. Бұған БҰҰ алаңдап, Қауіпсіздік кеңесі арнайы бас қосты. Дерекке қарағанда, лаңкестердің базалары бұрынғыдай бір жерде емес, әлемнің түкпір-түкпірінде шоғырланған. Олардың насихат құралдары - әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістік. Ал қазір үлкен де, кіші де интернет қарайды. Сондықтан лаңкестер жастарды ғана емес, тіпті 11 жастағы балаларды да торына түсіретін болған. Бүгінде әлем назары Украинадағы соғыс, Газа секторындағы қақтығыс және Қытай-АҚШ арасындағы шиеленіске ауды. Ал терроризм мәселесі назардан тыс қалды, - дейді халықаралық қауымдастық өкілдері. Сондықтан БҰҰ кеш қалмай күш біріктіріп лаңкестікпен күресуге шақырды.