Германияда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Германияның Саарбрюккен қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды.

Жаңа кеңсе екі арада іскерлік қатынастарды кеңейтуге көмектеседі. Германияда біздің елдің бірнеше құрметті консулдығы жұмыс істейді. 

Германияның батысындағы Саарбрюккен қаласы Франциямен шектеседі. Шаһар ірі өнеркәсіп орталығы саналады. Экономикасының негізгі салалары - бұл көмір, машина жасау және металлургия. Сондықтан, Құрметті консулдықтың осы қалада ашылуы орынды. Құрметті консул қызметіне Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас директоры Франк Томе тағайындалды.

Франк Томе, Қазақстан Республикасының Саарбрюккен қаласындағы құрметті консулы:

- Қазір әлемдегі ахуал тұрақсыз. Сондықтан сенімді серіктестік құру өте маңызды. Бұл арада Қазақстан Германия үшін, әсіресе Саар өңірі үшін өте маңызды әріптес. Өйткені Қазақстан тұрақтылыққа, диалогқа және өзара тиімді қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Қазақстан өндірісін күшейтіп, ел ішінде дайын өнім көлемін арттырғысы келеді. Ал Саар жағында өндіріс, ғылым, зерттеу салаларында тәжірибе мен білім бар. Яғни, бұл серіктестік екі жаққа да тиімді. Бұл байланыс алдағы уақытта, соның ішінде Құрметті консулдық арқылы да, одан әрі дами береді деген сенім мол. 

Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов екі арадағы ынтымақтастыққа жоғары бағасын берді. Жаңа кеңсе тек іскерлік емес, инвестициялық, гуманитарлық және өңірлік байланысты дамытуға сеп болатынына тоқталды. Сондай-ақ ашылу рәсіміне Саар федералды жерінің Премьер-министрі Анке Релингер қатысты.

Анке Релингер, Германияның Саар федералдық жерінің премьер-министрі:

- Саарда Құрметті консулдықтың ашылуы біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар екі тарап үшін де маңызды стратегиялық артықшылық. Біз оны ортақ жарқын әрі берекелі болашақты қалыптастыру жолында пайдаланғымыз келеді.

Құрметті консулдық отандастарға жедел көмек көрсетумен де айналысады. Яғни жаңа кеңсенің  ашылуы екіжақты қарым-қатынасты бекемдеп қоймай, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады.

Зайнұр Байжігіт