Олимпиадада ең көп сыйақы беретін елдер
Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін ақшалай сыйақы көлемі бойынша Сингапур елі әлемнің алдына шықты.
USA Today дерегі бойынша бұл елдің спортшылары алтын медаль үшін 788 мың доллар алады. Екінші орында Гонконг. Мұнда чемпиондарға 767 мың доллар төленеді. Forbes мәліметінше, жоғары төлем белгілеген елдердің алғашқы бестігіне Польша, Италия және Қазақстан да кірген. Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығына сай, қазақстандық спортшыларға алтын медаль үшін 250 мың долларға тең қаржы төленеді. Айта кетейік, қазіргі жалпы медаль саны бойынша Норвегия алда келеді. Ел қоржынында 12 жүлде бар, оның алтауы алтын.