Жасанды интеллект басқаратын қала
Оңтүстік Кореяның Анян қаласында жасанды интеллекттің арқасында қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Шаһар бірнеше жыл қатарынан елдегі ең қауіпсіз қала атағын иеленіп келеді. Онда жасанды жады көлік қозғалысын басқарады, зейнеткерлерге қамқорлық көрсетеді, қыз-келіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ақылды қаланың жүрегі - тәулік бойы жұмыс істейтін басқару орталығы. Мұнда үш ауысымда 90-нан астам қызметкер, соның ішінде үш полиция офицері кезекшілік етеді. Олар 7 мың камерадан түсетін деректерді нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Дабыл түскен жағдайда жедел қызмет өкілдері оқиға орнына санаулы минуттарда жетеді.
Юн Джон Хо, Анян қаласы әкімдігінің бөлім басшысы:
- Кез келген қиылыста қалыптан тыс жағдай анықталса, басқару орталығына бірден дабыл түседі. Төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көліктері тоқтаусыз өтуі үшін барлық бағдаршамды жасанды интеллект басқарады.
Жасанды интеллект жалғыз тұратын қарт адамдарға да көмектеседі. Олардың үйлеріне адамның құлағанын тіркейтін датчиктер орнатылған. Мұндай жағдай орын алса, бірнеше секунд ішінде ақылды қаланың басқару орталығына дабыл түседі. Осылайша жасанды интеллект 430 тұрғынның өмірін сақтап қалды. Анянда әйелдердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Қоғамдық дәретханалардағы бет-әлпетті тану жүйесі ер адам кірген жағдайда оны анықтап, диспетчерге хабарлайды. Қараңғы уақытта қыз-келіншектер мобильді қосымша арқылы «үйге дейін алып жүру» режимін іске қоса алады. Осы сәтте олардың жүретін бағыты бойындағы барлық камералар автоматты түрде басқару орталығына бейнежазба жібереді. Осы технологияның арқасында қала тұрғыны Ханна Пак мас ер адамның тиісуінен аман қалды.
Пак Ханна, Анян қаласының тұрғыны:
- Өткен қыста қатты қараңғы кезде осы қосымшаны пайдаландым. Телефонды қосып, бағдарламаны іске қостым да құрылғыны сілкідім. Сол сәтте диспетчермен бірден байланыс орнады.
Анян көшелеріндегі басты жаңалық - 18 орындық жүргізушісіз автобус. Мұндай көлік өз сенімділігін дәлелдеді: 45 мың шақырым жүріп, 29 мыңнан астам жолаушы тасымалдады және бір-ақ рет жол-көлік оқиғасына түсті. Ол да автобус бағдаршам алдында баяулағанда, артынан басқа көліктің соғылуы салдарынан болған.
Владислав Цой, тілші:
- Жүргізушісіз автобустар Аньян қаласында 2024 жылдың сәуір айынан бастап жүре бастады. Оларда жүргізуші бар, бірақ ол рульді ұстамайды, тек төтенше жағдайларда басқаруды өз қолына алады. Бұл автобустарда жол жүру тегін, алайда қазірше олар қысқа қашықтықтарға және сағатына 50 километрден аспайтын жылдамдықпен қатынайды.
Жақын уақытта Анянда автономдылығы одан да жоғары қоғамдық көлік іске қосылады. Толықтай жүргізушісіз автобустар бұл қалада келесі айда пайда болады. Мұндай көлік 8 жолаушыға арналған. Мұнда жүргізушіге арналған орын да жоқ, бірақ төтенше жағдайда автобусты басқаруға мүмкіндік беретін джойстик бар.
Владислав Цой, Ольга Лян