Франция Сенатында өзара ықпалдастық талқыланды

Франция Сенатында Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен өзара ықпалдастықты нығайтудағы рөлі талқыланды.

Қазақстан мен Орталық Азияның геоэкономикалық мүмкіндіктері мен сын-қатерлеріне арналған конференцияны Еуропа келешегі және қауіпсіздігі институты ұйымдастырды. Негізгі назар - Қазақстанның көпвекторлы саясатына, Орта дәліздің дамуына және конституциялық реформаларға аударылды.

Франция Сенаты - тек заң шығаратын орган ғана емес, парламенттік дипломатия мен сараптамалық пікірталастар өтетін белсенді алаң. Люксембург сарайында Қазақстан геосаясаты осындай кең құрамда алғаш рет талқыланып отыр. Конференцияның негізгі тақырыптары - көлік байланысы, энергетикалық қауіпсіздік, инвестициялық ахуал және еліміздегі саяси реформалар. Жаһандық нарықтар жылдам өзгеру жағдайында Қазақстан бүкіл Еуразия аймағында жүйеқұраушы рөл атқарады, - дейді Францияның Тарн департаментінің сенаторы Филипп Фоллио.

Филипп Фоллио, Тарн департаментінің сенаторы:

- Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы геостратегиялық орналасуы - оны Франция үшін іргелі әріптеске айналдырды. Елдің экономикалық және технологиялық дамуы, сондай-ақ энергетикалық және шикізат ресурстары саласындағы рөлі маңызды. Мұндай конференция парламент депутаттары, сарапшылар мен жауапты тұлғалар арасында терең пікір алмасуға мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапынан іс-шараға Елші Гүлсара Арыстанқұлова, Парламент Сенатының депутаты Евгений Больгерт және сарапшы Искандер Ақылбаев қатысты. Көпвекторлы сыртқы саясатпен қатар, елдегі ішкі саяси реформалар да талқыланды. Француз әріптестерін жаңа Конституция жобасы,  өкілеттіктерді қайта бөлу тетіктері және парламент рөлін күшейту мәселелері қызықтырды.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осындай алаңдарға Орталық Азия мен Қазақстандағы үдерістердің ерекшелігін терең түсінетін сарапшыларды шақырып, кездесу өткізіп тұру аса маңызды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасына көп қызығушылық танытты. Еурпалық серіктестеріміз онда адам құқықтарының басымдығы, заң үстемдігі секілді Еуропалық Одаққа жақын қағидаттар көрініс тапқанына қолдау білдірді.

Ең қызу пікірталас еліміздің көлік әлеуеті мен Транскаспий халықаралық көлік бағытының өсіп келе жатқан рөлі төңірегінде өрбіді. Сарапшылардың пікірінше, Орта дәліздің дамуы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік торап ретіндегі позициясын нығайтып, халықаралық жеткізу тізбектерін әртараптандыруға ықпал етеді.

Жан-Луи Гайард, ACP энергетикалық ұйымының вице-президенті:

- Екі ел арасында ынтымақтастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар деп санаймын. Бұл тек шикізат секторымен шектелмейді. Ол сирек жер металдарын өндіруді дамыту, көміртегі шығарындыларын азайту бойынша экологиялық жобаларды да қамтиды. Еуроодақ Қазақстандағы Сарытоған графит кен орнын стратегиялық бастамалар тізіміне енгізді. Мұндай ресурс Еуропа үшін өте қажет.

Франция Сенатындағы басқосу бүгінде Қазақстан Еуропаның стратегиялық серіктесі ғана емес, сонымен бірге Еуразия кеңістігіндегі жаңа көлік және экономикалық байланыстардың маңызды буынына айналғанын көрсетті.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан