Жасанды интеллект энергия тапшылығына әкеледі

Чили тұрғындары ChatGPT-дің қызметін өздері атқарады.

Бұлай етпеске амал жоқ. Технология жақсы әрине. Қолыңды жылы суға малып отырғанға  не жетсін?! Бірақ адамның қолын ұзартқан технология судан су қалдырмай барады.

Чили астанасы Сантьягоны бойлай ағатын Мэйпо өзені тартылып, жағасы қашықтай бастаған. Өкініштісі, бұл жаһандық жылынудың салдары ғана емес, адамзат баласы өз қолымен істеп отырған қастандық десе болады. Дәлірек айтқанда, суды деректер орталығы сіміріп жатыр. Тіршілік нәрі жасанды интеллектінің жұмысын қамтамасыз ететін серверлерді суыту үшін қажет. Ал Сантьяго қаласы бүгінде күллі Оңтүстік Америка бойынша деректер орталығының хабына айналған. Мәселеге алаңдаған Чили тұрғындары сөйтіп ChatGPT-дің қызметін өздері атқаруға кірісті.

Адам мен ChatGPT орын алмасты

Орталық Чили кейінгі 10-15 жыл бойы құрғақшылықтың зардабын тартып отыр. Аймақтағы ірі өзендердің бірі Мэйпо өзенінің көлемі ең төмен деңгейге жетті. Жыл сайын өзен суы шамамен 1,2-1,9 млрд шаршы метрге тартылып барады. 2050 жылға қарай Мэйпо көлемі тағы 10-40%-ға азаюы мүмкін. Жасанды интеллектінің қарыштап дамуы өңірдегі жағдайды одан әрі ушықтырды. Сол себепті Сантьяго маңындағы Квиликура муниципалитетінің белсенділері жасанды сана емес, адам басқаратын чат-ботты іске қосты. 50-ге жуық адам тұрғындардан келген мыңдаған сұраққа жауап береді. Әрине ChatGPT сияқты қас қағым сәтте әрекет ете алмас, есесіне, экологияға зияны жоқ.  

ЦИТАТА: 

Лорена Антиман, Corporaciоn Ngen экологиялық тобының мүшесі:

- Тұрғындар әлденені білгісі келсе, өзара талқыға салып, бірінен-бірі сұрай алады. Бұл бастаманы жасанды интеллектінің пайдасын жоққа шығару үшін іске асырған жоқпыз. Мақсатымыз – чат-боттардың кішігірім кеңесі, жалпы деректер орталығының Квиликура сияқты онсыз да судан таршылық көріп отырған өңірлерге қаншалықты зиян екенін еске салу. 

Қазір Сантьяго қаласының маңында Amazon, Google және Microsoft сынды технологиялық алпауыт компаниялардың бірқатар деректер орталығы орналасқан. Ал Чили сияқты ыстық аймақтар серверлерді салқындату мақсатында су мен электр энергиясын көбірек жұмсауға мәжбүр.

Деректер орталығы — судың жауы 

Ірі деректер орталығының күніне тұтынатын су көлемі шамамен 19 миллион литрге дейін барады. Тіпті Чат Джипитиден сұраған әр сұрағыңыздың өзіне жарты литр су кетеді. Кейбір орталықтар кәдімгі ауызсуды да пайдаланады. Серверлер, әдетте судың булануы арқылы салқындатылады. Бірақ мамандар су шығынын айтарлықтай азайту үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолға алып жатыр. Microsoft инженерлері негізгі шешімдердің бірі ретінде тұйық салқындату жүйелерін енгізген. Яғни, процессорлар бөлген жылу тұйық циклде сыртқа шығарылады. Сондықтан тұщы суды тұрақты қабылдауды қажет етпейді. Осы арқылы бір ғана нысан жылына 125 миллион литрден астам су үнемдей алады.

ЦИТАТА:

Прия Раджагопалан, Мельбурн корольдік технологиялық университетінің профессоры

Деректер орталықтарына қажетті су мен энергия мөлшері онда қолданылатын салқындату технологиясына байланысты. Егер тек булану арқылы салқындату әдісі пайдаланса, онда көп мөлшерде су шығындалады. Сондай-ақ ауа және сұйықтық арқылы салқындататын гибридті тәсіл бар. Яғни, сұйықтық құбыр арқылы жылудың көп бөлігін ыстық чиптерден тартып алады. Ал серверде қалып қойған жылу ауа арқылы тарап кетеді. Осылайша оңтайлы тепе-теңдікке қол жеткіземіз.

ЖИ энергия тапшылығына әкеледі

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, деректер орталығы тұтынатын электроэнергия 100 мың үйге қажетті тоқпен тең. Орталықтардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін энергетикалық ресурс жеткілікті болуы тиіс. Мысалы, Бразилия мен Үндістан деректер орталығының хабына айналуға талпынғанымен олардың энергетикалық желісі цифрлық инфрақұрылымның қажеттілігі үшін жаңартылған жоқ. Деректер орталығы қазбалы отынға тәуелді және олар тұтынатын энергия мөлшері барған сайын көбейіп жатыр. Егер бұл процесс бақылауға алынбаса, энергия тапшылығы туындайды әрі жаһандық климаттық мақсаттарға қауіп төнеді, дейді мамандар. 

КАТАР

Саад аль-Кааби, Катардың энергетика министрі:

- Бұған дейін әлемде сұйытылған табиғи газ ұсынысы артады деп күткен едік. Алайда Еуропада өсіп келе жатқан сұраныс пен деректер орталықтары және жасанды интеллект жобаларының электр энергиясына деген қажеттілігін ескерсек, 2030 жылға қарай табиғи газ тапшылығымен бетпе-бет келеміз деген болжам бар.  

Былтыр әлем бойынша деректер орталығы 12 мыңға жуықтаған. Алдағы уақытта олардың саны тек көбейе бермек. Өйткені мемлекеттер жаппай жасанды интеллект саласын дамытуға ұмтылып жатыр. Себебі белгілі – ақшаның көзі осында. Былтыр технологиялық компаниялардың деректер орталықтарына жұмсаған инвестиция көлемі шамамен 580 млрд доллар болған еді. Биыл өсім жоғарылайтыны анық.