АҚШ-та Бейбітшілік кеңесінің отырысы өтеді

Ертең АҚШ-тың Вашингтон қаласында Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтеді.

Бұған дейін Ақ үй басшысы күн тәртібінде Газа секторын қалпына келтіру және гуманитарлық көмекке 5 миллиард доллар бөлу мәселесі барын мәлімдеген еді. Енді Бейбітшілік кеңесі қандай ұйым? Ол шын мәнінде бейбітшілік орнатуға қызмет ете ме? Мақсаты мен міндеті не? 

Биыл жыл басында АҚШ президенті Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесінің құрылуына бастамашы болды. Ұйымның төрағасы – Ақ үй басшысының өзі. Заңды басқаруды қалпына келтіру және қақтығыс аймақтарында бейбітшілік орнатуды мақсат тұтып отырған халықаралық құрылым алғашқы басымдықты Газа секторына беріп отыр. Жобаға сәйкес, қаражат қатысушы елдердің жарналары есебінен кезең-кезеңмен бөлінеді. Ақ үй ертең жиынға қатысушылар тек Газа секторындағы бітімнің орындалуын талқылайды деп мәлімдеді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Менің мақсатым - тек халыққа көмектесу. Таяуда қақтығыс аймақтары біртіндеп қалпына келе бастайды. Бұған дейін Буш, Обама және Байденнің Таяу Шығыс үшін бөлген қаржылары мен қазіргі шығындарды салыстыруға келмейді. Бірақ біз түбі табысқа жетуді көздейміз. Бейбітшілік Кеңесі кез келген салада жаһандық деңгейде әрекет ететін, ықпалды әрі әлеуеті мықты құрылымға айнала алады. 

Трамп әзірге қай мемлекет нақты қандай міндеттеме алғанын жарияламады. Бейбітшілік кеңесінің отырысына барлығы жиырмадан астам елдің басшысы шақырылған. Алайда Батыс Еуропаның бірқатар мемлекеті, оның ішінде Германия, Франция және Ұлыбритания, құрылымның Жарғысы мен басқару жүйесіне қатысты құқықтық мәселелермен байланысты қатысудан бас тартты. Ал Италия, Румыния және Кипр бақылаушы ретінде қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Еуропалық Одақ болса Кеңеске кіруге асықпағанмен Вашингтондағы отырысқа Жерорта теңізі бойынша еурокомиссар Дубравка Шуйцты жібереді.

Гийом Мерсье, Еуропалық комиссияның баспасөз хатшысы:

- Жерорта теңізі мәселелері жөніндегі комиссар Дубравка Шуйц Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынына қатысады. Бірақ Еурокомиссия Кеңеске мүше болып кірмейді. Біз бұл отырысқа Газадағы атысты тоқтату жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттемелеріміз аясында ғана қатысамыз. Сондай-ақ соғыстан кейінгі аймақты қайта қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарға қолдау білдіру үшін келіп отырмыз.

Газа секторын қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Екі жылға созылған ұрыстар салдарынан инфрақұрылымның 80 пайыздан астамы қирап қалған. БҰҰ есебінше, бұл бағыттағы жұмыстарға 70 миллиард доллар қажет. Кеңес мүшелері Газа секторын гуманитарлық қолдау және қайта қалпына келтіру үшін қомақты қаражат бөлуге міндеттеме алған. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық тұрақтандыру күштері мен жергілікті полиция құрамына мыңдаған қызметкер тарту мәселесі де күн тәртібіне енген. Ақ үй басшысы мұның негізгі шарты ХАМАС ұйымының толық әрі жедел қарусыздануы екенін атап өтті. Еске сала кетейік, Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімі қаңтар айында, Швейцарияның Давос қаласында өтті. Құжатты қабылдауға 18 елдің басшылары мен ресми өкілдері қатысты. 

Нұрбике Жігер