Таяу Шығысқа танымал дипломат конституциялық реформа туралы пікір білдірді
«Әлем талаптарына сай оң өзгеріс».
Таяу Шығыс аймағына танымал дипломат, Араб мемлекеттері лигасының бұрынғы бас хатшысы Амр Мұса елімізде қолға алынған конституциялық реформа мазмұнын осылай бағамдады. Белгілі саясаткер жаһандық трансформация үдерісін, сондай-ақ орта державалардың сыртқы және ішкі ахуалын сөз етіп, арнамызға арнайы сұхбат берді. Айтуынша, халықаралық қауымдастық түбегейлі өзгерісті өткеріп жатыр. Бұған дейін қабылданған құқық нормалары мен ережелер осы күнгі геосаяси тәуекелдерге төтеп бере алмайды. Демек жаһан заман ағымына қарай жаңғыруға тиіс. «Осы тұста Қазақстан күрделі кезеңде батыл қадамдарға барып отыр. Бұл реформа ел ішінде ғана емес, сыртқы сын-қатерлер жағдайында да жедел әрекет ететін жаңашыл жүйе қалыптастыруға сеп», - дейді дипломат.
Амр Мұса, дипломат, Араб мемлекеттері лигасының бұрынғы бас хатшысы:
- Біз жаңа халықаралық тәртіп пен құқық нормаларының куәсі болып отырмыз. Кейінгі ондаған жыл бойы қалыптасқан жүйе бүгінгі сын-қатерлерге толық жауап бере алмайды. Сондықтан әр мемлекет өз басқару тетіктерін заман талабына сай жетілдіруі керек. Қазақстан дәл осы бағытта дұрыс қадам жасап жатыр. Реформалар әркез тұрақтылық пен тиімді басқарудың кепілі.