Әлем энергетикалық саясатын өзгертіп жатыр

Әлемдік сарапшылар Халықаралық энергетика агенттігінің жаңа баяндамасын талқылап жатыр. Құжатта Таяу Шығыстағы қақтығыстың жаһандық энергетикаға әсері мен салаға қатысты болжамдарға ерекше назар аударылған. Иран төңірегіндегі тұрақсыздық Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау қауіпсіздігіне алаңдаушылықты күшейтті. Ал Азия елдері энергетикалық тәуелділікті азайтудың жаңа жолдарын іздеуге көшті, деп хабарлайды 24KZ.

Халықаралық энергетика агенттігінің биылғы жылғы баяндамасы төңірегінде талқылау жалғасып жатыр. Сарапшылар әлемдік энергетикадағы өзгерістерді Таяу Шығыстағы соғыспен және мұнай жеткізу жолдарының қауіпсіздігімен байланыстырады. Агенттіктің атқарушы директоры Фатих Бирольдың айтуынша, аймақтағы қақтығыс әлем елдерін бұрынғы энергетикалық стратегиясын қайта қарауға мәжбүр етті. Егер бұған дейін мұнайды тиімді бағамен сатып алу маңызды болса, енді оны үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізу мәселесі алдыңғы орынға шықты.

«Халықаралық энергетика агенттігінің соңғы есебінде соғыс салдарынан туған энергетикалық дағдарыс осы саладағы әлемдік жүйені түбегейлі өзгерткенін көрсетті. Бұл жағдай жаһанда таза энергия көздеріне көшу үдерісін жеделдету керек екенін аңғартты», – Рэйчел Клитус, ғалымдар одағының климат бағдарламасы жөніндегі директоры.

Әлемдік мұнай саудасындағы стратегиялық бағыттардың бірі саналатын Ормуз бұғазының болашағына қатысты болжам көп. Агенттік бұл су жолына тәуелділікті қысқартудың нақты мүмкіндіктерін қарастырды.

Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы

Фатих Бироль, Халықаралық энергетика агенттігінің атқарушы директоры:

– Ормуз бұғазына деген сенім әлсіреді. Иранда соғыс басталғанға дейін ол арқылы тәулігіне орта есеппен 20 миллион баррель мұнай тасымалданатын. Қазір аймақтағы көптеген елдер бұл су жолын айналып өтудің балама жолдарын іздестіріп жатыр. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері мұнай құбырларын салып, қолданыстағы инфрақұрылымның шикізат өткізу мүмкіндігін кеңейтуде. Ал Ирак пен Кувейт бұғазды айналып өтудің басқа да жолдарын қарастырып жатыр.

Ормуз дағдарысы әсіресе Азия елдеріне көп қиындық туғызды. ХЭА мәліметінше, қақтығысқа дейін бұғаз арқылы тасымалданған мұнайдың шамамен 80 пайызы, ал сұйытылған табиғи газдың 90 пайызға жуығы осы құрлыққа экспортталатын. Демек, Таяу Шығыстағы кез келген іркіліс Азия өнеркәсібіне, көлік қатынасына және тұтыну бағаларына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты аймақ елдері ортақ қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында жуырда Азияның мұнай қауіпсіздігі жөніндегі жұмыс тобын құрмақ.

Санаэ Такаичи, Жапония премьер-министрі:

– Энергетикалық тұрақтылықты нығайту үшін Азияның мұнай қауіпсіздігі жөніндегі арнайы жұмыс тобын құрамыз. Төтенше жағдайларда мұнай қорын бірлесіп босату және бөлісу тәртібін әзірлейміз. Ал Токиода Халықаралық энергетика агенттігінің арнайы орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Мұнай қорын көбейту мен жаңа құбырларды салу – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір ғана жолы. Қазір көптеген мемлекеттер сырттан келетін энергияға тәуелділікті азайтуға күш салып жатыр. Әлемде жыл басынан бері электр энергиясына сұраныс шамамен 4 пайызға өскен. Ал салынып жатқан атом электр станцияларының жалпы қуаты 90 гигаваттқа тең. Бұл – соңғы қырық жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Фатих Бирол, Халықаралық энергетика агенттігінің атқарушы директоры:

– Украинада соғыс басталғанда Еуропа жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық берген. Қазір осы үрдісті қайта байқап отырмыз. Бұл жолы дағдарыстың алдыңғы шебінде Азия тұр. Өйткені Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын мұнай мен газдың басым бөлігі осы аймаққа бағытталған. Атом энергетикасына да сұраныс артты. Жалпы алғанда, энергетикалық дағдарысқа жауап ретінде мемлекеттер өздерінің ішкі энергия көздеріне басымдық бере бастады.

Әлем елдері энергияны сырттан сатып алудың орнына, оны өздері өндіруге ұмтылып жатыр. Дегенмен жаңартылатын энергияға көшу мұнай мен газдан бірден бас тартуды білдірмейді. Халықаралық энергетика агенттігі Таяу Шығыс әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы аймақ болып қалатынын ескертеді. Бірақ қазіргі дағдарыс мемлекеттердің энергетикалық саясаттағы ұстанымдарын өзгертті.

Автор: Арай Мәлкенова

Сондай-ақ оқыңыз: