Еліміздің жаңа Конституция жобасын француз сарапшылары мен медиа өкілдері де талқылап жатыр

Әсіресе Халық кеңесі институты қызығушылық тудырған.

Еуропа келешегі мен қауіпсіздігі институтының зерттеушісі Пьер Морэннің айтуынша, жаңа Конституция жобасында құқық үстемдігі қағидаты мен азаматтардың құқықтары басымдыққа ие.

Француз және еуропалық медиакеңістікте Қазақстандағы ауқымды саяси оқиғалар  қашан да  үлкен қызығушылық тудырады. Бұл елдеріміз арасындағы жыл сайын нығайып келе жатқан кең ауқымды экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынаспен байланысты. 

Осылайша, Орталық Азияға маманданған франциялық Novastan басылымы Қазақстандағы конституциялық реформаға арналған мақала жариялап,  жобаны институттардың құрылымдық өзгеруі деп сипаттайды. Мақалада француз оқырманына бір палаталы парламентке көшу жағдайындағы заң шығару органының жұмыс істеу тетігі түсіндіріледі. Ерекше назар Халық кеңесі  институтына аударылған. Ұсынысқа сәйкес, бұл орган 126 адамнан құрылады.

Олар этномәдени бірлестіктер, мәслихаттар және азаматтық сектордан 42 өкілден жасақталады. Автордың пікірінше, Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығының берілуі қоғамдық пікір плюрализмін қамтамасыз етуі мүмкін.

Аталған реформалар аясында билік, әсіресе, стратегиялық салаларды дамыту үшін заңнамалық шешімдерді іске асыруды жеделдетуді көздеп отыр. Мақсат — Қазақстанның халықаралық сахнадағы ұстанымын айқындап, ұзақ мерзімді инвестицияларды көбірек тарту. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен 11 пайызға өсіп, 14,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Ең жоғары өсім өңдеуші өнеркәсіп саласында тіркелді.

Жаңа Ата заң жобасында азаматтардың құқықтарының үстемдігі мен заңнамалық өкілеттігі және Халық кеңесі  туралы Еуропа келешегі мен қауіпсіздігі институтының зерттеушісі, кәсіпкер  Пьер Морэнде айтып өтті. Оның сөзінше, референдум өткізудің өзі халықтың ерік-жігеріне деген құрметтің көрінісі.

Пьер Морэн, Еуропа келешегі мен қауіпсіздігі институтының зерттеушісі:

- Мен ұсынылып отырған Халық кеңесінде қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам өкілдерінің, әртүрлі этникалық топтардың қатысуы мүмкін екеніне назар аудардым. Бұл шешім Франциядағы Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңеске ұқсайды. Осы бағытта қозғалыстың өзі мен үшін оң құбылыс. Қазақстанның еуропалық демократиялық модельдерге жақындап келе жатқанын көремін. Сонымен қатар, процестің референдуммен қатар жүруі аса маңызды. Менің білуімше, Конституция жобасын әзірлеу барысында ауқымды консультациялық жұмыс жүргізілген. Енді бұл құжат бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылып отырғаны өте маңызды деп ойлаймын.

Түркияның  Yeni Şafak  газетінің француз тіліндегі нұсқасы реформаны «суперпрезиденттік басқару формасының аяқталуы» деп сипаттап, парламенттік басқарудың күшеюі мүмкін екенін атап өтті. Басылымның жазуынша, конституциялық жоба 2022 жылы президент Тоқаев бастаған саяси трансформация бағытын жалғастырып, « адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын нақты әрі айқын етуге бағытталған. Осылайша, еуропалық БАҚ өз жарияланымдарында реформалардың құрылымына  өкілеттіктерді қайта бөлу, жаңа институттарды құру және билік теңгерімінің ықтимал өзгеруіне басымдық береді. Референдумның ашықтығы елдегі институционалдық трансформацияны бағалауда шешуші мәнге ие болады.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан