Оңтүстік Кореяның экс-президенті сотталды

Оңтүстік Кореяда бұрынғы президент Юн Сок Ёльді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.

Сот экс-президент 2024 жылы 3 желтоқсанда елде төтенше әскери жағдай енгізіп, бүлік ұйымдастырды деп таныды. Юнның жақтастары шешіммен келіспей, наразылық білдіріп жатыр.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда 2024 жылдың желтоқсанында жарияланған әскери жағдай ісіне нүкте қойылған сыңайлы. Сот экс-президент Юн Сок Ёльдің бұл шешімін бүлік деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Себебі әскери жағдай енгізу қоғамға орасан зор зиян келтірген, ал айыпталушы бұл үшін өкініш білдіріп, кешірім сұрамаған. Сеул Орталық аудандық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы осындай ұйғарымға келді. Бірақ сот арнайы прокурор талап еткен ең қатаң жаза - өлім жазасын тағайындаған жоқ. Өйткені жоспардың тыңғылықты дайындалмағаны мен күш қолдану шектеулі болғанын қаперге алған. 

Чи Гви Ён, судья:

- Мұны әскерді қолдану арқылы бүлік ұйымдастыру деп бағалауға болады. Оның мақсаты – мемлекеттік органдардың қызметін шектеп, Ұлттық жиналыстың өкілетіне кедергі келтіру арқылы мемлекеттік құрылысты бұзу болған.

Экс-президент Юн сот шешімін сабырмен тыңдады. Алдыңғы сот отырысында ол прокурорлардың айыптауларын жоққа шығарып: «Оқсыз бос мылтықпен жасалған бүлікті көрдіңіздер ме?» — деген еді. Шынында да, әскери жағдай жарияланған кезде қару қолданылған жоқ. Бұрынғы мемлекет басшысының жақтастары да үкіммен келіспейді.

- Бұл қалай бүлік болады?! Оларда жауынгерлік оқдәрі болды ма? Жоқ! Депутаттар Ұлттық жиналысқа кіре алмады ма? Барлығы кірді! Зардап шеккендер бар ма? Жоқ! Онда неге бұл бүлік деп саналады?!

Юн Сок Ёльдің сотта сабырлық танытуы елдің бұрынғы президенттері - Чон Ду Хван мен Но Тхэ У ұзақ мерзімге сотталып, кейін рақымшылыққа іліккенімен байланысты болуы мүмкін. Бұрынғы мемлекет басшысы Ли Мён Бак 2018 жылы 15 жылға бас бостандығынан айырылған еді, алайда төрт жылдан соң рақымшылықпен босап шықты. Ал 24 жылға сотталған Пак Кын Хе үш жылдан кейін бостандыққа шыққан.

Владислав Цой, тілші:

- Экс-президент Юнмен бірге бүлікке жәрдемдесті деген айыппен бұрынғы қорғаныс министрі және барлау қызметі мен полиция басшылары сотталды. Олар бір апта ішінде апелляция бере алады. Бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін елдің бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хи де түрмеге қамалған болатын. Ол жазасын 1 жыл 8 ай өтейді.

Владислав Цой, Ольга Лян