АҚШ соты Трамп енгізген тарифтерді тоқтатты

АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың төтенше өкілеттікке сүйеніп енгізген тарифтерінің басым бөлігін тоқтатты.

Ақ үй басшысының шешіміне тоғыз судьяның алтауы қарсы болған. Олар аталған заң жекелеген дағдарыс жағдайына бейімделгенін алға тартып, тарифтерді бүкіл сауда саясатын өзгерту үшін қолдануға болмайтынын мәлімдеді. Демек, Қытай, Мексика, Канада, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Бразилия, Үндістан сынды елдерге енгізілген төтенше баж салықтары күшін жояды. Бұл тізімге Қазақстанға енгізілген 25 пайыздық баж салығы да енді. Дональд Трамп өз кезегінде осыған дейін төленіп қойған тарифтерге қатысты ұзақ сот даулары болатынын ескертті. Сонымен қатар АҚШ президенті импортталатын тауарлардың көпшілігіне 10 пайыздық жаңа тариф енгізетінін мәлімдеді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мен белгілі бір елмен кез келген сауданы немесе іскерлік байланысты толық тоқтатуға құқылымын. Яғни олардың саудасын да, экономикасын да күйрете аламын. Тіпті толық эмбарго енгізуге рұқсат бар. Солай бәріне құзіретті болғанда, бір доллар да ала алмайды екенмін. Бұл ақылға сыймайтын шешім емес пе?! Бүгінгі Жоғарғы соттың шешімі президенттің өкілеттігін әлсіреткен жоқ, керісінше, оны бұрынғыдан да күштірек етті деп есептеймін. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздікке қатысты 232-бап пен қолданыстағы 301-бап бойынша барлық тарифтер толық күшінде қалады. Сонымен қатар 122-бап аясында қазіргі тарифтерге қосымша ретінде бүкіл әлемге ортақ 10 пайыздық жаңа баж салығын енгіземін. Сондай-ақ әділетсіз саудаға қарсы жаңа тергеулерді бастаймыз.  

АҚШ президентінің жарлығына сәйкес, алдағы 150 күн бойы АҚШ-қа әкелінетін тауарларға 10 пайыздық баж салығы салынады. Бұл шешім 24 ақпанда күшіне енеді. Дегенмен, стратегиялық аңызды минералдар, энергия ресурстары, Америкада жеткілікті өндірілмейтін табиғи шикізат пен тыңайтқыштар, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлері, көлік пен аэроғарыш саласына қатысты бұйымдар аталған салық түрінен босатылады. Сондай-ақ еркін сауда келісімдері аясында жеткізілетін кейбір тоқыма және киім-кешек түрлері бұл шектеуге жатпайды.