Иран: Ормуз бұғазын атқылаймыз
Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге беттеген кез келген кемені атқылаймыз деп ескертті.
Бұл туралы Ислам төңкерісі сақшыларының корпусы қолбасшысының кеңесшісі, генерал-майор Ибрахим Жаббари мәлімдеді. Айтуынша, бұл АҚШ пен Израильдің шабуылдарына қарымта жауап. Ресми Тегеран Ормуз бұғазын жаптық, мұнайдың бірде бір тамшысы өтпейді деген болатын. Бұл бұғаз арқылы әлемдік "қара алтынның" 20 пайызы және сұйытылған газдың 30 пайызы өтеді.