Еуропа елдері жаңа туристік салықтар енгізді

Еуропада туристер легі толастар емес. Саяхатшылар саны артқан сайын демалыс та қымбаттап барады. 

Танымал қалалар мен курорттарға ағылған туристер инфрақұрылымға салмақ түсіріп, жергілікті билікті жаңа шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Осыған байланысты бірқатар ел туристік салық енгізуге мәжбүр. Былтыр Еуропа елдеріне шамамен 800 миллион шетелдік саяхатшы барған. Сарапшылар биыл да саяхатшылар қарасы көп болады деп болжайды. 

Барселонада 1 сәуірден бастап туристік алым мөлшері ұлғаяды. Енді қалаға келген саяхатшылар үшін жалдамалы тұрғын үй төлеміне 12,5 еуро салық қосылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Ал қонақүйлердегі туристік алым мөлшері қонақүй санатына қарай 10-нан 15 еуроға дейін өзгеріп отырады. Билік шара арқылы жыл сайын 16 миллионға жуық туристер ағынын реттеуді көздейді. Сондай-ақ 2028 жылға дейін қысқа мерзімді жалға беру нарығын тоқтатып, Airbnb секілді сервистердің қызметін шектеуді жоспарлап отыр.

Испанияның Тенерифе аралында жыл басынан бері жаяу туристерге экологиялық алым енгізілді. Жаңа талап ең алдымен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген және Канар аралдарындағы ең танымал орын саналатын Эль-Тейде ұлттық паркіне қатысты. Енді қорық аймағына кіру құны бір адамға 25 еуродай болады. Ал жергілікті тұрғындар мен 14 жасқа дейінгі балалар үшін паркке кіру тегін. Көршілес Канар аралдарының тұрғындарына 3-6 еуро көлемінде жеңілдетілген тариф қарастырылған. Жиналған қаражат табиғатты қорғау және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. 

Эдинбург Шотландияда туристік салық енгізілетін алғашқы шаһар болмақ. Қалалық кеңестің мәліметінше, жаңа ереже 24 шілдеден бастап күшіне енеді. Алым қонақүйлерге, хостелдерге, жалға берілетін пәтерлерге және кемпингтерге қатысты болады. Салық мөлшері бір түндік тұру құнының 5 пайызы көлемінде белгіленіп, алғашқы бес тәулікке ғана есептеледі. Билік бұл бастама қала бюджетіне жыл сайын шамамен 61 миллион доллар түсіреді деп болжап отыр. Жиналған қаражат инфрақұрылымды дамытуға және Эдинбургтің тарихи келбетін сақтауға бағытталмақ.

Румыния астанасы Бухарестте қонақтар бір түн үшін екі еуро көлемінде тұрақты салық төлейді. Бұл талап қонақүйлерге, хостелдерге және басқа да орындарға бірдей қолданылады. Ережені сақтамаған жағдайда 300-ден 800 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Мұндай шешім туристер санының артуына байланысты қабылданған. Өткен жылы Румынияға 14 миллионнан астам адам келген. Олардың шамамен екі миллионы Бухаресті таңдаған. Euronews мәліметінше, жаңа алым шаһар бюджетіне жыл сайын шамамен үш миллион еуро кіріс әкеледі.

Авторы: Динара Қуандыққызы