Әлем демографиялық дағдарыс алдында тұр
Адамның бір қызығы – бала деген. Алайда кейінгі кезде бұл қағиданы жоққа шығарып, үбірлі-шүбірлі болуға асықпайтындардың қарасы көбейді.
Мәселен, Жапонияны алайық. Мұнда туу көрсеткіші оныншы жыл қатарынан рекордтық төмен деңгейге төмендеді. Жастар түрлі себепті алға тартады. Әсіресе инфляция мен қалтаны қысқан қымбатшылық перзент сүюді кейінге қалдырып, өмірлік басымдықтарды түбегейлі өзгертуге итермелеп отыр. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, жапондықтар туу көрсеткішінің төмендігіне байланысты жер бетінен жойылып кететін алғашқы ұлт болуы мүмкін деп дабыл қағады. Мәселе тек Жапонияда ғана емес, өзге елдерде де өзекті.
2024 жылы Күншығыс елінде 706 мың сәби дүниеге келді. Бұл 1899 жылы статистика жүргізіле бастағалы бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Өткен жылдың соңында елдегі инфляция деңгейі 3%-ға жетті. Медициналық қызмет, білім беру, азық-түлік және тұрғын үй бағасының шарықтауы бала тәрбиесі мен күтімін қиындатса керек. Деректерге сүйенсек, 505 мың жұп неке қиған. Сәл де болсын, өсім байқалғанымен, бұл мәселені реттей алмайды, - дейді сарапшылар.
Сюдзиро Урата, Экономика, сауда және өнеркәсіп ҒЗИ төрағасы:
- Жапонияның жалпы ішкі өнімі еңбекке қабілетті жастағы халық санының азаюымен бірге міндетті түрде төмендейді. Зейнеткерлік жасты ұлғайту арқылы экономиканың құлдырауын бәсеңдетуге болады. Бірақ бұл стратегия да мәселені шеше алмайды. Жұмыс күшінің жетіспеушілігі әртүрлі секторлар мен мамандықтарға әсер ете бастады. Мұрагерлердің болмауына байланысты көптеген шағын және орта кәсіпорын жабылып жатыр. Мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер саласында кадр тапшылығы байқалады. Мұның бәрі Жапонияда өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі.
Жапонияның Шығыс Азиядағы көршілерінде де демографиялық жағдай мәз емес. 2023 жылы Оңтүстік Корея әлемде туу көрсеткіші ең төмен мемлекет атанды. Мамандар мұны әйелдердің мансап қуып, қызметке көбірек ден қоюымен байланыстырады. Осыдан соң билік құны 200 млрд доллар болатын бірақатар бағдарламаны іске асырды. Нәтижесінде былтыр 250 мың сәби дүниеге келіп, көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға өсті. Дегенмен тұрғындар «Мемлекет тарапынан жасалып жатқан ынталандыру шаралары жеткіліксіз», - дейді.
Хван Ин-Чхоль, Сеул тұрғыны:
- Қазір мемлекет қаржылық қолдау көрсетіп жатыр. Алайда ең қиыны – бала күтімі. Олардың қауіпсіздігіне алаңдамастан қалдырып кететін жер көп емес. Осы тұрғыда мәселе туындамағанда, ата-аналарға жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл болар еді.
Ал Қытайда демографиялық ахуал сонау 1970 жылдардың соңында енгізілген «бір отбасы-бір бала» саясатына байланысты күрделене түсті. 2021 жылы бұл саясат қайта қаралып, бір жанұяға үш бала тууға рұқсат берілді. Десе де, көптеген жас әлі де балалы болуға асықпайды. Былтыр Қытайдағы жалпы халық саны 1,5 миллионға қысқарған. Әсіресе ер азаматтардың азайғаны байқалады.
Айта кетерлігі, қазір дүниежүзінде «чайлдфри» үрдісі де белең алып жатыр. Яғни ерлі-зайыптылар отбасы құрғанымен, бала туудан өз еркімен бас тартады. Осылайша АҚШ-та ешқашан перзент сүйгісі келмейтін ересектердің саны 2002 жылдан 2023 жылға дейін екі есе артқан. Ал Біріккен ұлттар ұйымы 2050 жылға дейін 55 мемлекетте халық саны азаяды деп болжайды.
Авторы: Мөлдір Жақан