Таяу Шығыстағы ахуал ушығып тұр

Соғыс басталғалы Иранда 1 мыңнан астам адам қаза тапты.

Ислам мемлекетіндегі 12 қала нысанаға алынған. Соның ішінде ел астанасы Тегеран, Тебриз, Сехенд, Сенендедж, Керманшех, Сарабле, Хомейн, Исфахан және тағы да басқа ірі қалаларға үздіксіз шабуыл жасалып жатыр. Әскери операция кезінде елдің жоғарғы көшбасшысы – аятолла Әли Хаменеи қаза тапты. Ал Иран бір мезетте АҚШ-тың 9 елдегі әскери базаларына соққы берген. Аймақтағы қақтығыс басталғалы мұнай бағасы да шарықтап шыға келді. Вrent маркалы қара алтынның нарықтағы құны 80 доллардан асты. 

Бұл соғыста Израиль АҚШ-пен бірлесе әрекет етіп жатқаны белгілі. Былтыр АҚШ Израильге 21,7 миллиард доллар көлемінде әскери көмек көрсеткен. Әрі Таяу Шығыстағы әскери күшін соғыс басталмай тұрып күшейтті. Қазір Израильмен бірлескен шабуылдары Ирандағы бірнеше нысанның күл-талқанын шығарды.

Ал Минаб қаласындағы қасірет халықтың қабырғасын қайыстырды. Шаһардағы қыздар мектебіне зымыран құлап, 160-тан астам адам опат болған еді. 

Таяу Шығыстағы аласапыран жаһандық энергетикалық дағдарыс қаупін күшейтті. Бұлай жалғаса берсе, баға 120-150 долларға дейін көтерілуі мүмкін дейді сарапшылар. Соғыс басталған соң көп ұзамай Иран Ормуз бұғазын жапты. Сөйтіп, бір мезетте 400-ден астам мұнай және сұйытылған газ танкерлері кептеліп қалды. Бірақ бір тәуліктен кейін бұғаз қайта ашылды. Алайда Иран америкалық әскери кемелерді нысанаға алып, шабуылдайтынын жеткізді. Жалпы Ормуз бұғазы – Иран мен Парсы шығанағындағы көршілер арасындағы стратегиялық теңіз өткелі. Дүниежүзі тұтынатын мұнайдың шамамен 20 және сұйытылған газдың 30 пайызы осы су жолы арқылы өтеді. Егер жеткізілім тоқтаса, күллі әлем жаһандық рецессияға тап болады. 

Ал АҚШ-та Өкілдер палатасы Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери операциясын құптады. Осылайша конгрессмендер Ақ үй басшысына заң шығарушылардың рұқсатынсыз Ислам республикасына қарсы соғыс қимылдарын жүргізуге тыйым салатын қарарға тосқауыл қойды. Құжатты 212 конгресмен қолдады. Ал 219 адам қарсы дауыс берді. Айта кетерлігі, қарарды бір күн бұрын Сенат та қабылдамай тастаған еді. Демократтар мен республикашылдар әскери операцияға қатысты қарама-қайшы пікірде. Демократтардың басым бөлігі Иранға қарсы соққыларды сынап жатса, ал республикашылар президентті жақтап отыр. Дональд Трамп бұл соғысты әуелде 4 күнге созылады деп топшылыған. Кейін 4 апта, сосын одан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтты.

Мөлдір Жақан