Дубайда зымыранның сынығынан бір адам қаза тапты

Дубайдың қорғаныс жүйесі атып түсірген зымыран сынығынан жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапты.

Қаланың Әл Барша ауданында болған оқиғаны әмірлік билігі ресми растады. Дубайда екі ірі жарылыс болған. Мамандардың айтуынша, әуе қорғаныс жүйесі Иранның зымырандары мен дрондарын дер кезінде тойтарған. Алайда сынықтары қала аумағына түскен. Бірі көпқабатты ғимараттың қасбетіне тиіп, нысанда жедел эвакуация жүргізілді. Зардап шеккендер жоқ. Десе де, тағы бір зымыран бөлшегі жолда келе жатқан автокөлікке құлап, көлік тізгінінде болған Пәкістан азаматы көз жұмды. Айта кетейік, ел президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян соғыс басталғалы алғаш рет теледидарға сұхбат беріп, тұрғындарды сабырға шақырды. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін және әуе қорғаныс жүйесі тәулік бойы кезекшілікте тұрғанын жеткізді.

Мұхаммед Бен Заид әл Нахаян, БАӘ Президенті:

- Біздің аймақ соғыс кезеңін өткеріп жатыр. Бірақ жағдай әмірліктердің толық бақылауында. Бізді ешкім әлсіз деп ойламауы керек, оңай олжа емеспіз. Ел қауіпсіздігін қорғау жолында барлық міндетімізді орындаймыз. Азаматтарымыз бен елімізде тұратын резиденттер - үлкен отбасымыздың бір бөлігі. Сол себепті олардың дін-аман болуы мемлекет үшін басты міндет. Әмірліктер кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын.