Нигерияда 35 млн адам аштық алдында тұр
Биыл Нигерияның 35 млн тұрғыны аштыққа ұшырауы мүмкін. Олардың 3 млн-нан астамы балалар.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының болжамы осындай. Елдің кей аймақтарында қарулы топтардың шабуылдары мен қуаңшылықтан азық-түлік тапшылығы мәселесі ушығып барады. Ал халықаралық ұйымдар мен ірі донор елдердің гуманитарлық көмекті қысқартуы жығылғанның үстіне жұдырық болды.
Нигериядағы ахуалдың нашарлауына ең ірі донор - АҚШ көмегінің күрт төмендетуі әсер еткен. Құрама Штаттар билігі әдетте халықаралық ұйымға бөлетін 8-13 млрд доллар қаржыны 2 млрд-қа дейін азайтқан. Бұл қаражат Нигерияны қоса алғанда, аштықтан ең көп зардап шегіп жатқан 17 елге үлестіріледі. Биыл сол ақшадан Нигерияға 516 миллион доллар бөлінген еді. Бірақ бұл көмек небәрі екі жарым миллион адамды тамақтандыруға жетеді, - дейді мамандар.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Әлемде адамдардың өмірін жақсартып, ғаламшарды қалпына келтіруге және бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз етуге ресурс жеткілікті. 2026 жылы мен бүкіл дүниежүзі көшбасшыларын мәселеге байыппен қарап, оны шешуге атсалысуға шақырамын. Біздің болашағымыз бірлесіп әрекет ете алуымызға байланысты.
Дағдарыс, әсіресе, Нигерияның солтүстік-шығысында өткір сезіледі. Ондағы алты штат - Адамава, Баучи, Борно, Гомбе, Тараба және Йобе тұрғындарының тойып тамақ ішпегеніне біраз болды. Аштықтың белең алуына құрғақшылық пен су тасқыны да әсер етіп отыр. Өйткені табиғи апаттар ауыл шаруашылығына көп залал келтірген. Оның үстіне аймаққа қарулы топтар жиі шабуылдайды. Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, былтыр содырлардың қолынан 4 мыңнан астам бейбіт тұрғын көз жұмған. Азық-түлік тапшылығынан кейінгі жылдары екі миллионнан астам адам босып кеткен.
Мохамед Малик Фолл, БҰҰ-ның Нигериядағы гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі:
- Балаларға ерекше қауіп төніп тұр. Деректерге жүгінсек, кәмелетке толмаған үш миллионнан астам бала негізгі азық-түлік өнімдеріне қол жеткізе алмай отыр. Жұрт қарулы топтардың шабуылынан қорғалмаған. Содырлардың бақылауындағы кей аудандарға тіпті көмек те жеткізілмейді.
Қаражат тапшылығынан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы балаларға күнделікті берілетін тағам мөлшерін азайтуға мәжбүр болды. Салдарынан Нигерияда кәмелетке толмаған 300 мыңнан аса бала таңғы және түскі астан айырылды. Бұл ахуалды одан әрі ушықтырып отыр және дағдарыс аймақтарындағы халыққа қолдау көрсету үшін шұғыл халықаралық көмек қажет екенін көрсетеді.
Авторы: Мөлдір Жақан