Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқан жоқ
Иран АҚШ-пен бейбіт бітімге келмейді. Бұл туралы парсы елі үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасаған IRIB мемлекеттік телеарнасы хабарлады.
Ресми Тегеран Дональд Трамп ұсынған соғысты тоқтату жоспарына бірнеше талап қойған. Алдымен АҚШ пен Израильдің бірлескен шабуылдары толық тоқтап, бейбітшілікке кепілдік берілуі және Иран халқы шеккен зардап үшін өтемақы төленуі керек. Бұдан бөлек, ресми Тегеранның Ормуз бұғазын басқарудағы дербес құқығы мойындалуға тиіс.
Аббас Аракчи, Иран сыртқы істер министрі:
- АҚШ-пен ешқандай келіссөз болып жатқан жоқ. Кейінгі кездері Америка тарапы түрлі делдалдар арқылы әртүрлі хабарлар жолдай бастады. Көбіне бұл бізбен дос елдер арқылы жасалып жатыр. Біз өз тарапымыздан жауап беріп, талап-шарттарымызды айттық. Бірақ бұл АҚШ-пен келіссөз жүріп жатыр дегенді білдірмейді. Бұл жай ғана біздің достарымыз арқылы хабар алмасу ғана. Қазіргі біздің саясатымыз - қарымта шабуылдар жасау және елімізді қорғауды жалғастыру. Бізде келіссөз жүргізуге деген ниет те жоқ. Біз соғыстың аяқталғанын қалаймыз. Бірақ біздің шарттар орындалуға тиіс.