Түркияда оқып жүрген қазақ жастары пікірсайыс ұйымдастырды
Түркияда білім алып жүрген қазақ жастары алғаш рет ауқымды пікірсайыс ұйымдастырды.
Анкарадағы елшіліктің қолдауымен өткен додада оннан астам қаладан студенттер жиналды. Дебат алаңында жастар сыни ойлау қабілетімен сайысып, ұлттық құндылығымызды ұлықтады.
«Бірлік Cup» Түркиядағы қазақ жастары арасында алғаш рет ұйымдастырылған пікірсайыс. Додаға Түркияның 12 қаласынан сөзге шешен, сыни ойлау қабілеті жоғары 20-дан астам студент түсті. Жарыста олар жаһандану дәуіріндегі жасанды интеллектінің ролі, әлемдік даму бағыты туралы өзекті тақырыптарды талқылады. Сонымен қатар ұлттық тарих, мәдениет және дәстүр төңірегіндегі мәселелер де қозғалды. Бұл шетелде жүрген жастардың ұлттық болмысын сақтап, тарихтан ажырамауына мүмкіндік береді, дейді ұйымдастырушылар.
Бағжан Жұманазар, "Бірлік қазақ жастары" ұйымының вице-президенті:
- Жастарымыз өте позитивті, мықты, құндылықты тақырыпты талқыладық. Жаһандану туралы, жасанды интеллект, тарих туралы, қызығушылық, спорт туралы талқыладық. Осының бәрі жастардың дамуына үлкен әсер етеді. Жалпы дебат дамушы орта деп білемін.
Турнир американдық форматта басталып, әрі қарай Линкольн-Дуглас жүйесінде жалғасты. Пікірсайысшылардың әрқайсысы жоғары дайындықпен келген. Сөзі өткір, ойы ұшқыр, қарым-қабілеті жоғары жастардың белсенділігі Астанадан арнайы келген қонақтардың да назарын аударды. «Дебат елі» қорының өкілдері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, келер жылдан бастап зияткерлік доданың түркі форматына ауысатыны туралы ақжолтай жаңалықпен бөлісті.
Жанерке Марғұланқызы, "Debat Eli" қоғамдық қорының директоры:
- Жалпы Түркия елінің пікірсайысшыларының деңгейі өте жоғары деңгейде екенін көріп отырмыз. Және де біздің ұлттық бастамалардың бірі осы түркітілдес мемлекеттермен бірге түркі форматтарын қолдау болып табылады. Бір жылдан кейін осы түркі елінде немесе Қазақстан елінде үлкен халықаралық турнир болмақшы. Ол оқушылар арасында болады және де студенттер арасында болады. Соны біз Қазақстанның төрінде өткізбекшіміз. Ол, яғни тарихи сәт.
Екі күнге созылған пікірсайыс қорытындысы бойынша Ыстамбұл жастары озық шықты. Анкаралық студенттер екінші орынды иеленсе, жүлделі үшінші орын Эскишехир қаласының командасына бұйырды. Сондай-ақ шешендігімен дараланған үздік спикер мен әділ бағалаған үздік төреші марапатталды.
Ақбота Нәдір, "Бірлік Cup" пікірсайыс турнирінің жеңімпазы:
- Турнир өте күрделі болды. Бұл кісілер, яғни қазақ қауымы бұрыннан бері ойнаймын. Олар талпынысы мықты. Жеңіске қатты талпыныстары көп. Бүгін жеңіске жеткенім өзіме де таңқаларлық болып тұр. Бұл жерде өте көп жеңіске лайықты кісілер бар.
«Бірлік Cup» – шетелдегі қазақ жастарының басын қосқан алғашқы ірі зияткерлік алаң. Бұл бастама олардың тек білімін шыңдап қана қоймай, ұлттық бірегейлікті сақтауға, ана тілінде ойын еркін жеткізіп, ортақ құндылықты дәріптеуге жол ашты. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта сайысты дәстүрлі деңгейге шығарып, халықаралық ауқымда кеңейтуді көздеп отыр.
Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков