Әлем елдері аутизмге қалай қолдау көрсетеді?
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Бұл дата 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленген.
Кейінгі он жылда аутизм анықталған жағдайлар саны айтарлықтай артқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, бүгінде әлемде шамамен әрбір жүзінші баланың біріне осы диагноз қойылған. Жаһанда ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдау мәселесі өзекті бола түсті. Әлем елдері бұл бағытта қандай жүйе қалыптастырған?
Диагнозы дәлелденбеген, емдеу жолы беймәлім аутизмге шалдыққан балалардың саны жыл санап артып келеді. Жыл сайын сәуір айы «Autism Awareness Month» ретінде белгіленген. Осы кезеңде «Light It Up Blue» акциясы аясында әлемге танымал ғимараттар көк түспен жарықтандырылады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының дерегінше, шамамен жер бетіндегі 10 млн адамда аутизм синдромы бар.
Батыста аутист балаларды әртүрлі бағдарлама арқылы қоршаған ортаға бейімдеуге көмектеседі. АҚШ мемлекетінде бір балаға жылына 30 мың доллар бөлінеді. Елде аутизм туралы ақпараттандыру шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Сондай-ақ мектептерде инклюзивті білім беру кеңінен енгізілген, ал арнайы терапия түрлері медициналық сақтандыру арқылы қаржыландырылады.
Ал Ұлыбританияда аутизмі бар балалардың шамамен 70%-ы жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Олар үшін жеке оқу бағдарламалары әзірленеді. Сонымен қатар оқу процесіне арнайы мамандар тартылады. Елде қоғамдық орындарда арнайы «autism-friendly» ортаға бейімдеу шаралары енгізілген. Мәселен, дүкендер мен кинотеатрларда «тыныштық сағаттары» ұйымдастырылып, жарық пен дыбыс деңгейі төмендетіледі. Бұл шаралар аутизмі бар адамдардың қоғамдық ортаға еркін бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы бағытты күшейту үшін елде дәрігерлер, мұғалімдер және полиция қызметкерлері үшін арнайы оқыту бағдарламалары енгізілген.
Жапония аутизмі бар адамдарды қоғамға бейімдеуде заманауи технологияны тиімді қолданады. Мысалы, кейбір орталықтарда балалармен жұмыс істеуде арнайы роботтар пайдаланылады. Олар балаларға қарым-қатынас жасау дағдыларын үйретеді. Бұл әдіс балаларға адамдармен байланыс орнатуды біртіндеп меңгеруге көмектеседі. Жасанды интеллектке негізделген қосымшалар баланың мінез-құлқын талдап, жеке дамыту бағдарламасын құруға мүмкіндік береді. Ақпараттандыру бағытында жергілікті әкімдіктер арнайы семинарлар мен оқыту бағдарламаларын ұйымдастырады. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған арнайы еңбек бағдарламалары да бар. Олар шағын кәсіпорындарда немесе қорғалған жұмыс орындарында еңбек ете алады.
Авторы: Динара Қуандыққызы