Түркияда нан бағасы шарықтады

Түркия үшін сәуір айы тәуір болмай тұр. Ай басталғалы жанармай да, тамақ та қымбаттады. Халық көп тұтынатын бөлке нан бағасы бірден 17 %-ға көтерілді.

Сарапшылар мұны тасымал және өндіріс шығындарының артуымен байланыстырады. Ал қымбатшылық алдымен бұқараның қалтасына салмақ салатыны анық. Ендігі мәселе қымбатшылық көпке созылмас деген үміт қана. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Түркияда азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады. Әсіресе ең көп тұтынатын нан және нан өнімдері бағасының өсуі халықтың күнделікті шығынына тікелей әсер отыр. Бұған дейін бір бөлке нан 15 лира, біздіңше, 160 теңге болса, қазір 185 теңгеден сатылып жатыр. Бұған өндіріске қажетті ұн, энергия, тасымал шығынының өсуі себеп. Соның салдарынан наубайханалар бағаны көтеріп жатыр.

Нан ғана емес, өзге де ұн өнімдері 15-20 %-ға қымбаттады. Мамандардың айтуынша, азық-түлік саласында мұндай кері үрдіс пандемия кезінде басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Кейінгі 3 айда нан өндірісіне қажетті шикізат 45 %-ға өссе, ал энергия, логистика сияқты шығын 30 %-ға артқан. Наубайханашылар баға тағы көтерілуі мүмкін, - дейді.

Әли Жем Чөтели, наубайхана директоры:

- Нан өнімдері, ең алдымен, тасымал шығынына, яғни жанармай бағасына байланысты қымбаттады. Шикізат бағасы да өсіп жатыр. Мұны тоқтату мүмкін болмай отыр. Бұған өзге аймақтағы қақтығыстардың әсері көп. Қазір 200 грамм бөлке нан бір аптаның ішінде шамамен 20%-ға көтерілді. Менің ойымша, баға 40 %-ға дейін өседі.

Сарапшылар баға өсімін макроэкономикалық саясатпен байланыстырады. Яғни нарыққа елдегі ақша-несие және бюджет-салық шешімдері тікелей әсер етіп, энергия, жанармай және өндірістік шығындар артуда. «Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының өсуіне әкеліп отыр», - дейді.

Өндер Алгидик, сарапшы:

- Энергия шығындары айтарлықтай артты. Әсіресе, табиғи газ құны шарықтады. Ақпан айында 1 текше метр газ 13,4 лира болса, сәуірде 13,81 лираға дейін көтерілді. Яғни шамамен 2 пайызға қымбаттады. Бұған қоса, дизель отыны өсіп жатыр. Бұл тасымал шығындарын көбейтті. 

Ал тұрғындар Таяу Шығыстағы қақтығыстан елдегі экономикалық ахуал тіпті нашарлап кете ме деп алаңдаулы. 

Билік баға өсімін тежеу үшін бірқатар шараларды қолға алды. Әлеуметтік маңызы бар дүкендерде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға күш салып жатыр. Сондай-ақ жанар-жағармай үшін салықтық жүктемені азайту шараларын іске қосты. Дегенмен сарапшылар: «Бұл шаралар тек қысқа мерзімге ғана әсер етуі мүмкін», - дейді.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков