Франция оқушылары елімізде тәжірибеден өтеді

Францияның лицей оқушылары Қазақстанға оқу-тәжірибеден өту үшін аттанды. Мұндай білім алмасу жобасы Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

20 бала Париж Академия жүйесінде аккредиттелген Алматы мен Ақтау қалаларындағы 4 колледжде тәжірибеден өтеді. Екі апталық оқу бағдарламасы 6–19 сәуір аралығында жүреді. Тігін ісі, аспаздық, IT, энергетика және қолданбалы бағыттарды қамтиды. Жоба Erasmus бағдарламасы аясында Париж Академиясы тарапынан қаржыландырылады. Бұл - 2025 жылы Қазақстанда жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде екі ел оқу орындары арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық нәтижесі. Сапар алдында оқушылар Франциядағы Қазақстан елшілігінде кездесіп, елдің мәдениеті, туризмі және кәсіптік білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. 

Реда Фара, Париж академиясының орта білім инспекторларының жетекшісі:

- Бұл жоба Қазақстанмен шамамен 5 жылдан бері жүзеге асып келеді. Алдымен біз сіздің елдің делегацияларын қабылдадық. Кейін колледждерді Париж Академиясының жүйесі бойынша аккредитациядан өткізуге қолдау көрсеттік. Соның нәтижесінде екі елдің оқу орындары арасында 6 келісім жасалды. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық кеңейіп, жаңа бағыттарды қамтиды деп сенемін.

Грасия, Париж қаласының лицей оқушысы:

- Бұл — үлкен тәжірибе, көп жаңалық, жаңа адамдармен танысу мүмкіндігі. Біз Қазақстанға алғаш рет сапар шеккелі тұрмыз. Сондықтан қазақ елін жақынырақ танып-білетініме өте қуаныштымын. Бұл саяхат бізді есейтеді деп ойлаймын.

Владислав Фелоненко, Париж қаласының лицей оқушысы:

- Қазақстанға Erasmus жобасы аясында бара жатырмыз. Бізді қызықты бағдарлама, түрлі іс-шаралар күтіп тұр. Мен бала кезімнен Қазақстанға баруды армандағам. Ол жақта туыстарым тұрады. Бұл сапар керемет тәжірибе болады деп ойлаймын.