Таяу Шығыс ауызсусыз қалуы мүмкін
Парсы шығанағы ауызсусыз қалуы мүмкін. Бұл күнделікті түсіп жатқан бомбадан да қауіпті.
Иранның АҚШ пен Израильге қарымта шабуылдары кезінде Кувейттегі су тазартқыш зауытқа зақым келді. Ал бұл елдегі ауызсудың 90 пайызы осы зауыттардан келеді.
Енді соғыс өрши түссе, тіршілік нәрі мұнайдан да қымбат болмақ. Өйткені бұл аймақтарда онсыз да су тапшы. Теңіз суын тұщытып күн көріп отыр.
Парсы шығанағы – әлемнің ең құрғақ аймағы. Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, мұндағы судың қолжетімділігі әлемдік орташа көрсеткіштен 10 есе төмен. Мұнда бірде-бір өзен жоқ, сай-сала маусымдық жаңбыр кезінде ғана толады. Жалпы БҰҰ белгілеген су тұтыну көлемі жан басына шаққанда жылына 500 текше метр. Ал Шығанақ елдерінде тұщы судың табиғи қорының жан басына шаққандағы орташа үлесі жылына небәрі 120 текше метр. Оның өзін қамтамасыз етіп келген жер асты сулары климаттың өзгерісі мен шектен тыс пайдалану салдарынан едәуір сарқылған. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегіне сүйенсек, араб аймағындағы 46 миллион гектардан астам ауылшаруашылық алқап тозып кеткен. Осы себепті бұл елдер теңіз суын ішуге, суаруға, өнеркәсіптік мақсатта қолдану үшін тұщыландыру әдісін пайдаланады.
Мұхаммед Дарвиш, ЮНЕСКО-ның Ирандағы қоршаған орта жөніндегі комитет басшысы:
- Егер қақтығыстың ауқымы кеңейіп, су сақтайтын қоймалар, электр станциялары шабуылға ұшырайтын болса, шығынның орнын толтыру үшін жылдар қажет болады. Иран – соғыс басталмай тұрып та, экологиялық дағдарысқа ұшыраған ел. АҚШ пен Израильдің үздіксіз шабуылдары елдегі жағдайды одан сайын ушықтырады. Былтыр Иран қатты құрғақшылықты бастан өткерді. Территориясының 43 пайызы кеуіп кеткен. Ал енді су ресурстары ластанатын болса, елдегі миллиондаған адам ауызсудан қағылады.
Парсы шығанағы елдері әлемдегі барлық тұщытылған судың шамамен 40%-ын өндіреді. Nature журналында жарияланған зерттеуге сәйкес әлемдік тұщыту зауыттарының 42%-ы Таяу Шығыста шоғырланған. Аймақта барлығы 5 мыңға жуық тұщыту зауыты бар болса, оның 400-ден астамы Парсы шығанағында орналасқан. Соның ішінде 56 ірі нысан шығанақта өндірілетін барлық судың 90%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бұл технологиясыз Таяу Шығыстағы шамамен 100 миллион адам ауызсуға тұрақты қол жеткізе алмас еді. Мысалы, Рияд қаласы Жубайль тұщыту зауытының жұмысына толық тәуелді. Егер станция жұмысын тоқтатса, Сауд Арабиясының астанасын бір апта ішінде көшіруге тура келеді.
Өңірдің басқа да ірі қалаларында осындай жағдай. Қатарда ауыз судың 99%-ы теңіз суын тұщыландыру есебінен өндіріледі. Бұл көрсеткіш Кувейт пен Бахрейнде – 90% -дан астам, Оманда – 86%, Сауд Арабиясында – 70% -ға жуық, Біріккен Араб Әмірліктерінде 42%-ды құрайды.
Зиад Хаят, БҰҰ Батыс Азияға арналған экономикалық және әлеуметтік комиссия өкілі:
- Бұл тұщыту қондырғыларының көбі электр станцияларымен және электрмен жабдықтау жүйелерімен байланысты. Егер бұл нысандар зардап шексе, тұщыту қондырғылары да істен шығады. Сондай-ақ Парсы шығанағындағы судың ластануы осы қондырғылардың жұмысына тікелей әсер етеді. Халықты сумен қамтамасыз ететін кез келген азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау –әскери қылмыс. Бұл халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу. Мұның соңы гуманитарлық дағдарысқа ұласуы мүмкін.
АҚШ өткен айдың басында Ормуз бұғазындағы Кешм аралындағы тұщыту зауытына соққы берді. Шабуылдан соң 30 елді мекен сусыз қалды. Сол күні ертесіне Бахрейн Иранға тиесілі дрон Мухаррак ауданындағы тұщыту қондырғысын зақымдағанын мәлімдеді. Тұщыту зауыттарының көбі Парсы шығанағының Иранға қараған тұсында орналасқан. Яғни бұл маң Иран үшін оңай нысана.
Осылайша, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес, түгел өңір үшін маңызды инфрақұрылымға қауіп төндіріп тұр. Алда-жалда тұщыту зауыттары істен шықса, миллондаған адам босып кетеді.