Анкарада қазақ асханасы күні өтті

Түркия астанасында қазақстандық жастардың қатысуымен қазақ асханасы күні өтті. Олар Анкараға білім алу үшін әлемнің әр түкпірінен келген студенттерге дәм арқылы ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, құндылықтарымызды дәріптеді. 

Халықаралық Түркия стипендиясы бағдарламасы – әлемнің 170-ке жуық елінен жастарды бір арнаға тоғыстырған ірі білім жобасы. Жыл сайын бұл бағдарлама арқылы шамамен 5 мыңға жуық студент Түркияда білім алады. Олардың қатарында қазақстандық жастар да аз емес. Анкарада 300-ге жуық отандасымыз аталған жобаның игілігін көріп жүр. Бағдарлама әлемнің әр түкпірінен келген жастардың білім алуын ғана емес, ұлттық құндылығы мен мәдениетін халықаралық ортада танытуына мүмкіндік береді.  

Ақылай Алғабекқызы, Халықаралық Түркия стипендиясы бағдарламасының грант иегері, ұйымдастырушы:

- Бұл Түркия бурслары, Түркия стипендиялар бағдарламасы тек қана Анкарадағы қазақтардың емес, бүкіл халықаралық студенттердің басын құрайтын офисіміз бар. Офиске келіп барлығымыз бірге уақыт өткіземіз. Бір-бірімізді сағынған кезде әңгімемізді айтамыз. Бүгінгі асхана күнімізде Қазақстанның асханасына деген жыл сайын көріп жатырмыз, қызығушылық өте жоғары деңгейде. Басқа асханаларға 100-150 шақты адам келсе, бізде әрдайым 200-250-дің үстінде адам келеді.

Шара барысында қазақ жастары ұлттық дастарханның сәнін келтірген қазан-қазан қуырдақ, ыстық бауырсақ пен түрлі тәтті әзірлеп, шетелдік студенттерге ұсынды. Қазақ асханасынан дәм татуға келгендердің қарасы қалың болды. Тіпті, Ақтөбе мен Алматыдан Анкараға тағылымдамадан өтуге арнайы келген докторанттар да басқосудан қалыс қалмады. 

Айгүл Сахыбайқызы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ докторанты:

- Бүгін Түркия стипендиясы студенттерінің ұйымына келіп, ақ түйенің қарны жарылған күн болып жатыр. Өз елімізде жүргендей, бүгінгі шара өте жоғары деңгеде өтіп жатыр. Ұлттық тағамымыздан ауыз тиіп, Қазақстанда жүргендей сезімде болып жатырмыз.

Шетелдік студенттер де қазақ асханасына қызығушылық танытып, ұлттық асымыздың дәмі мен ерекшелігін жоғары бағалады. Айтуларынша, бұл шара тек тағамнан дәм тату емес, тұтас бір халықтың мәдениетімен жақынырақ танысуға зор  мүмкіндік.

Виктор Эдел Вивас, кубалық студент:

- Мен қазақ тағамынан алғаш рет ауыз тидім. Дәмі өте ерекше, тіл үйіреді. Қазақ халқының жылқыны қастерлейтінін бұрыннан білетінмін. Бүгін олардың асты қалай дәмді әзірлейтінін көріп, ерекше әсер алдым.

Вилберфорс Мусингузи, угандалық студент:

- Мен қазақ мәдениеті туралы көп білмеймін. Бірақ футболшы болғандықтан, «Астана» сияқты клубтарды танимын. Ал қазақ тағамдарына келсек, өте дәмді екен. Әсіресе бауырсақ пен қуырдақ қатты ұнады. Картоп пен ет қосылған тағам біздің Угандадағы дәмге ұқсайды, сондықтан маған жақын көрінді.

Қазақ жастары жат жерде жүрсе де, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ел мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосып жүр. Анкарада өткен мұндай кездесулер әр елден келген жастар арасындағы достық пен ынтымақты нығайта түседі,-дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Әсия нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков