Бельгияда Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына тағзым етілді
Генк қаласында Қазақстан елшілігінің қызметкерлері мен әскери атташат өкілдері жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады.
Бельгия жерінде 350-ге жуық кеңес жауынгері жерленген. Ең үлкен қорым Лимбург провинциясындағы Генк қаласында орналасқан. Мұнда шамамен 70 сарбаздың қабірі бар. Арасынан қазақ жауынгерлері Тоғайбай Уәлиев пен Нұрадим Бисеновтің де зиратын көруге болады. Тағзым ету рәсіміне қатысқандардың пікірінше, бұл боздақтардың есімін ұлықтаумен қатар бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін еске салатын маңызды сәт.
Роман Василенко, Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Тұрақты және өкілетті Елшісі:
- Жауынгерлердің кейбірі Батыс Еуропадағы Бельгия жерінен мәңгілік мекен тапты. Олар соғыс кезінде тұтқынға түсіп, кейін концлагерьлерде адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп, сол жерлерде көз жұмды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс басқыншылары Бельгияға 20 мыңнан астам кеңес тұтқынын алып келіп, оларды ауыр жұмысқа жекті. Араларында Қазақстаннан шыққан 10 жауынгер бар. Олар елдің әр өңіріндегі бауырластар зиратына жерленген. Бүгінде батырлардың барлығының есімін анықтап, тағдырын зерттеу тарих алдындағы үлкен жауапкершілік.
Роман Василенко, Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Тұрақты және өкілетті Елшісі:
- Бельгия жерінде жерленген совет сарбаздарының, соның ішінде қазақстандық жауынгерлердің дерегін толықтыру мәселесі өте өзекті. Олардың жақындарын іздеу және қабірлерін табу жұмысына атсалысып жатырмыз.
Генктегі қорымға кіргенде ең алдымен қазаққа таныс Нұрадим есімі көзге түседі. Құлыптастағы тегі Бессонов деп көрсетілгенімен шын мәнінде ол Бисенов. 1944 жылы Лимбург жерінде қаза тапқан жауынгердің қабіріне бірнеше жыл бұрын туған-туыстары елден бір уыс топырақ әкеліп салған. Батырдың ерлігі ұрпаққа үлгі дейді тағзым етуге келген жастар.
Әмірлан Нұрбалин, Qazaq Society студенттер бірлестігінің президенті:
- Біз екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлікпен шайқасқан ата-бабаларымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Олар біз үшін бейбіт өмір сыйлау жолында жанын қиып, ауыр қиындықтарды бастан өткерді.
Нұрадим Бисеновтің жанында тағы бір отандасымыз жерленген. Құлыптаста аты-жөні қате жазылып, Тоғай Улаев деп көрсетілген. Ал құжат бойынша ол Семей өңірінің тумасы Уәлиев Тоғайбай Уәлиұлы. Бұл күні жиналған жұрт оның да рухына құран бағыштады. Ержүрек жауынгердің ұрпақтары бір күні атасын іздеп келеді деген үміт бар.
Ғалымжан Қараманұлы