АҚШ пен Иранның арасы ушықты
Таяу Шығыстағы қақтығыстың әлемдік экономикаға кері әсері тереңдеп барады.
Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы үшін жаңа ереже енгізуі және оған АҚШ-тың қарымта шаралары мұнай бағасын одан сайын көтерді. Қазір Парсы шығанағының елдері бюджетін қайта қарап жатыр. Соғыс қаупі төнгендіктен қорғаныс саласына ақшаны көбірек бөлу қажеттігі туындады.
Таяу Шығыстағы жағдай қатты ушығып тұр. Түпкілікті бейбіт бітімге келуге тиіс АҚШ пен Иран керісінше бір-бірінен алыстап барады.
Әңгіме тіпті ядролық қаруға дейін ұласып жатыр. Иран АҚШ жаңа шабуылдар жасаса, уран байыту деңгейін 90 пайызға дейін жеткіземіз деп ашық кетті. Бұл сөзді Иран парламентіндегі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының өкілі Ибрагим Резаи айтты. 90 пайыздық деңгей – ядролық қару жасауға болатын қауіпті меже. Отқа май құйған – АҚШ президенті Дональд Трамп. Ол Тегеранның АҚШ теңіздегі тосқауылды алған жағдайда ұрыс қимылдарын біржола тоқтатамыз және Ормуз бұғазын біртіндеп ашамыз деген соңғы ұсынысын мүлде қабылдамайтынын, тіпті екі ел арасындағы келіссөздердің тағдыры қыл үстінде тұрғанын мәлімдеген.
АҚШ-Иран келіссөздері алдағы аптада өтуі мүмкін
Десе де «Рейтер» агенттігінде АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер алдағы аптада Австрия астанасы Венада өтеді деген ақпарат шықты. Әңгіме өзегі Тегеранның ядролық бағдарламасы болмақ. Бұл туралы екі ел арасында араағайындық жасап отырған Оманның Сыртқы істер министрі Бадр Бин Хамад әл Бусаиди мәлімдеді. Аталған жаңалық бойынша әзірге АҚШ тарапы да, Иран билігі де ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Әлемдік мұнай тағы қымбаттады
Таяу Шығыстағы ең өзекті мәселе – Ормуз бұғазындағы жағдайдың белгісіздігі мұнай бағасын тағы да көтерді. Брент маркалы фьючерстерінің баррелі 103 доллардан асып кеткен. WTI 97 доллар айналасында сатылуда. Инвесторлар ұзаққа созылып кеткен қақтығыс әлем экономикасына ауыр соққы болып тиеді деп қауіптенеді. АҚШ-та инфляция күшейді. Осыған байланысты қор нарықтағы құлдырай бастаған. Еуропаның STOXX 600 индексі мен америкалық фьючерстер де қатты төмендеді. Азияның көрсеткіштері әртүрлі. Жапондық Nikkei 0,6%-ға өссе, оңтүстікореялық KOSPI керісінше 2,7%-ға құлады. Бұған технологиялық компаниялардың акцияларын жаппай сатуы себеп. Қытай нарығы да аздап құлдыраған. Бұл инвесторлар Парсы шығанағы елдерінің активтеріне көзқарастарын өзгеріптіп жатыр дегенді білдіреді. Өйткені аймақта логистика қиындады және әскери шығындар еселеп артуда.